Қазақстанда «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирі өтуі мүмкін. Ресейге сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай заманауи сайыс түріне жоғары баға беріп, киберспортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазан қаласына барған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының негізгі мақсаты – ойын тамашалау емес, әрине. Мемлекет басшысы «Татнефть» компаниясының бас директоры Наиль Магановты қабылдады. Бұл кәсіпорын Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған мұнай-газ химиясы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мекеме еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазан ЭКСПО» көрме орталығына барды. Содан кейін «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға біздің Президенттен бөлек, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары қатысты. Алғаш болып сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті Ресейдің президенті Владимир Владимирович, ең алдымен сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл ойын - бірегей ойын. Дүниежүзінде бұндай ойын жоқ. Сондықтан баршаңызға сәттілік тілейімін, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыдан кейін жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті. «Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады. Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрі таныстырылды.
– Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламасы бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген. Бұл ауқымды турнирге 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген, – деді Қазақстан киберспорт федерациясының төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түсіп жатыр. Турнирге еліміздің 48 өкілі қатысып жатыр. Халықаралық турнир келесі жолы біздің елде өтуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Президент «Болашақтың ойындары» халықаралық турнирінің ашылу рәсіміне қатысты