|
31.01.2020 | 20:40
6792

Алматыда «Digital Almaty»: Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форум өтті

Форум еліміздегі ең үздік стартап жобалардың көрмесінің ашылуынан басталды

Алматыда «Digital Almaty»: Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» атты халықаралық форум өтті

Елімізде бүкіләлемдік банкпен бірлескен ұлттық кластер құрылады. Бұл туралы бүгін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары мен IT саласының сарапшылары бас қосқан жиында белгілі болды. «Digital Almaty»: Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» деп аталған халықаралық форумда сандық жүйені өміріміздің әр саласына қалай тиімді әрі оңтайлы түрде енгізу тақырыптары талқыға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Цифрлық жүйесі озық дамыған мемлекеттерден келген мамандар жасанды зерденің маңызы мен оның артық-кем тұстарына тоқталып өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған шараға 400-ден астам адам қатысты. Бірнеше пленарлы отырысқа бөлінген форумда биыл алғаш рет «Digital Almaty Awards» сыйлығы үздік танылған IT мамандарға табысталды.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Digital Almaty» форумы еліміздегі ең үздік стартап жобалардың көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеде білім, қауіпсіздік, транспорт, қаланы ақылды басқару сияқты бағыттар бойынша ұсынылған IT технология өнімдері таныстырылды.

Халықаралық жиынға Ресей, Армения, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Молдова елдерінің үкімет басшылары келді. Еліміздің атынан сөз алған Асқар Мамин жасанды зерде жаһандық экономикамен тереземізді теңестіру үшін қолданылатын ең ұтымды жол деген баға берді. Оның сөзінше, 2030 жылға қарай егер еліміз жасанды интеллект әр салаға енгізсе онда экономикалық өсімнің нәтижелігі жылына 5 триллион АҚШ долларына жетпек. Яғни экономикалық өсімнің қарқынды дамытудың нағыз тиімді тәсілі болмақ.

«Көбіне бөлшек сауда, транспорт, логистика, тау-кен секторы сияқты салалары сандық жүйеге көшсе еліміздің дамуына орасан үлес қосады. Біздің 2050 жылы дамыған отыз елдің қатарына енуге бағытталған мақсатымызды орындау үшін экономикамызды  жылына 5-6 пайызға өсіріп өтыруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Жалпы жасанды зердені қолданысқа салсақ Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жылына 25 млрд АҚШ долларына жетеді деген ойдамыз», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.  

Жалпы жасанды интеллект күнделікті өмірде жасалатын жұмыстарды жеңілдетеді. Десе де жүйенің кем тұстары да жоқ емес. Форумға келген сарапшылар ақпараттық технологиялардың қолданысқа ену салдарынан жұмыссыздық артуы мүмкін.  

Форумда үлкен деректер базасының біртұтастығы мен оның қауіпсіздігі тілге тиек етілді. Әсіресе жеке ақпараттардың сыртқа шығып кетпеуі үшін жасанды интеллект дұрыс әрі ортақ қағидаттарға негізделіп енгізілуі керек деген пікірлер айтылды. Сондай-ақ елімізде бүкіләлемдік банкпен бірлесе отырып ұлттық кластер құрылатын болады.

«Қазақстанды сандық жүйеге көшуде үздік тәжірибені енгізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау көрсетілуі керек деп ойлаймын. Себебі Еуразия аумағында бұл елдің мүмкіндігі жоғары. Қазақстанның ақпарат деректері де жеткілікті. Ал жасанды зерденің кемшілігі, бүгінде басты бірнеше мәселені атауға болады. Ол ғаламтордағы деректердің шектен тыс көптігі және деректерді өңдеуде көп уақыт пен күш жоғалтуға тура келеді. Бұл климаттың өзгеруіне әкеп соғады. Сондықтан біз бұл жағын да ескеруіміз қажет», - деді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио ХОХШИЛЬД.

Ақпараттық жүйелердің артықшылығы мен тиімсіз тұстарын талқылаған тараптар деректерді басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру керек деген ұсыныс айтты. Аталмыш платформаны ортақ стандартқа негіздеу арқылы біріге жұмыс жасауға болатынына назар аударды. Форум барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығында пайда болатын бағдарламалауға арналған мектептің ашылуы жоспарланған.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир