Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ол туралы Мемлекет басшысы-Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қайсар-2021» оқу-жаттығуында айтты. Сонымен қатар, Ұлттық ұлан сарбаздары офицерлердің жалақысы келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы едәуір артатынын мәлімдеді. Іс-сапар барысында Президент Алматы облысының бірқатар кәсіпорындарының жұмысымен де танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығулары барысында мемлекет басшысына арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрысқа дайындығы көрсетілді. Президент жаттығу жүйелері, биікке өрмелеу қабырғалары және оқу орталығының мультимедиялық мылтық ату полигонын аралады. Жоғарғы Бас қолбасшы әскерилер алдында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдары саласындағы штаттық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды.
«Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лаузымдық еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға өседі. Осы мақсатқа жұмсауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Жыл сайын тұрғын үйге де қомақты қаражат жұмсалып келеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі түрлі дағдарыстардың алдын алуға және жолын кесуге тас түйін дайын екендерін көрсетті деген баға берді. Ауғанстандағы жағдай Қазақстанға тікелей қауіп төндірмесе де қауіп-қатердің де барын еске салды.
«Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент Алматы облысына іссапары барысында бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтар болсақ, «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорнына барды. Компания тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін шығарады. Жылына 85 мың тонна өнім өндіру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар Іле ауданындағы «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жағармай шығаратын зауытында болды. Жобалық қуаты жылына 100 мың тонна жағармай өндіретін зауыт 225 адамды жұмыспен қамтып отыр. Инвестициялық жобаның құны 94 миллион доллар.
Ал, ел нарығында 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Dolce» кәсіпорны160-тан астам өнім өндіреді. Олардың арасында қазіргі уақытта аса қажет медициналық қолғаптар, үш және төрт қабатты бетперделер, халаттар, дәрі-дәрмектер бар. Мемлекет басшысына өңірдегі денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы баяндалды. Алматы облысында коронавирусқа қарсы іс-шаралар аясында қысқа мерзімде 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 180 жедел жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған.
Асылбек Тойбек