Бүгін заңгерлер Конституциядағы өзгертілетін заңдарға түсіндірме беретін кітапты таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда 5 маусым күні референдумда қабылданған өзгерістер мен толықтырулар кеңінен тарқатылып жазылған. Кітап 8 бөлімнен тұрады. «Адам және азамат», «Президент», «Парламент» деген сияқты тақырыптар қамтылған. Өзгертілетін заңдар туралы толық жазылған кітаптың электронды нұсқасы академиялық кітапхананың сайтында жарияланған. Авторлардың айтуынша, шенеуніктер заңның қабылданғанын күтпей, осы нұсқаулықты оқып, өзгеретін заңдармен таныса берсе болады.
"Конституцияда өзгертілетін заңдар мына кітапта толығымен көрсетілген. Әрине бұдан өзге үлкен түсіндірме кітаптар жазыла жатар, дегенмен мынау тұңғыш түсіндірме комментарий ретінде саналады", - дейді заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасулов.
Брифингте заңгерлер журналистердің сұрағына жауап беріп, «Жаңа Қазақстанның» концепциясын тағы да түсіндіріп өтті. Мамандардың айтуынша, әділетті Қазақстан құрамыз десек, жаңаша ойлайтын кадрлар келуі керек.
"Жаңа Қазақстан орнату үшін бәріне бірдей қарауымыз керек. Сол үшін кадрларды өзгерту керек. Қазақстанның дамуын ойлап жүрген жастарымыз көп. Ал енді олардың келуіне жол бермей жүрген ескі кадрлар да бар. Басқаша айтқанда орындарын босатқысы келмейді", - деп толықтырды Ермек Әбдірасулов.