Алматыдан саяси додаға қатысуға 10 адам өтініш білдірген. Оның ішінде аудан әкімі, колледж директоры мен түрлі мекеме қызметкерлері бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алайда тиісті талаптар толық орындалмағандықтан науқанда бақ сынауға тек 4 үміткер жіберілген. Ең көп дауысты өзін-өзі ұсынған кандидат Жанна Асанова жинады. Оған 37 депутаттың 23-і дауыс берген.
«Бүкіл процес онлайн трансляция арқылы жүргізілді. Бәрі ашық болды. Оған бақылаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты», – деді Алматы қаласы мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров.
Кандидаттардың басым бөлігі – әйел адамдар. Сондықтан гендерлік теңдік жөніндегі саясат толығымен көрініс тапты деуге болады, – дейді комиссия мүшелері.
«Бұл сайлауда тек мәслихат депуттаттары ғана дауыс береді. Бізде 38 депутаттың 37-сі дауыс берді. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындысын шығарады. Ал нақты нәтижені Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан кейін жеті күн ішінде шығарады», – деді Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.