Бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Дүниежүзілік банк тобы Халықаралық қаржы корпорациясының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Вибке Шлёмер бастаған делегациямен қала әкімі Алматы қаласындағы экология, цифрландыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым саласындағы жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Дүниежүзілік банктің өкілдері қалада Орталық Азиядағы алғашқы «жасыл» облигациялар шығаруды және Қазақстан қалалары арасындағы қаржылық, инновациялық көшбасшылықты ұстап тұруды ұсынды.
Бұл қала мен тұтас алғанда республиканың беделіне жағымды әсер етпек. Сондай-ақ, Халықаралық корпорация алдағы уақытта қаланың 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді жоспарының басымдықтарын да талдады. Оған Халықаралық банк 365 миллион АҚШ долларын бөлуді жоспарлап отыр.
«Бүгін қаламыздың одан әрі дамуы үшін маңызды кейбір мәселелерді талқылауға мүмкіндік туып отыр. Алматы – ерекше қала. Мүмкіндіктері өте зор. Десе де барлық талапқа сай болуы қажет. Қаланың көлемі, аумағы, халқы, бюджеті, ең бастысы, адами ресурстар және олардың қажеттілігін қанағаттандыру – барлығы адам өмірінің жақсаруына және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жоғарылатуға қызмет етуі тиіс. Ал сіздерде білім мен тәжірибе мол және үлкен мүмкіндік бар. Сіздермен бірлесе жұмыс жасап, қаланы айтарлықтай дамытатынымызға сенеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.