«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Осылай деп ұрандаған Алаш арысы, ел мақтанышы Әлихан Бөкейханның бүгін туған күні. Ұлт тарихындағы ұлы азамат қылышынан қан тамған Кеңестік жүйеде елдің азаттығы, дамуы жолында тер төкті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің твиттер парақшасында біртуар перзенттің мерейтойына қатысты жазба қалдырған еді. Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ардақты азаматтың 155 жылдығына орай тарихшы-ғалымдар бас қосты. Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас баяндайды.
Дөңгелек үстел форматында өткен кездесуде қоғам қайраткерінің саяси-мәдени, ағартушылық қызметі сөз болды. Тарихи фактілер мен ғылыми зерттеулерге сүйенген ғалымдар ұлт көсемінің ғылыми-публицистикалық мұрасын тарқатып айтып, Бөкейхановтың мемлекеттілік қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
«Жақында Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бағдарламалық мақаласында Алаш арыстарын ұлықтауды жалпы бастап берді. Біз Алаштың еңбегін бүкіл жастарға паш етуіміз керек. Әлихан Бөкейханның есімі биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты аталып өтетін мемлекеттік маңызы бар мерекелердің қатарына енді. Сонымен қатар мынау Қарағанды қаласында көптен бері ала алмай келе жатқан Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейханға беру шешілді. Бұл да өте қуанышты жағдай», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
Әлихан Бөкейханның ұлтқа деген қызметі ерте жасынан-ақ басталған. 1890 жылы Ресей ақсүйектері мен беделді оқу орнының студенттері сән-салтанатты өмірге араласып, парадтарды қызықтап жүргенде 24 жасар Әлихан тұрмыс таршылығынан тоз-тоз болған ұлтының жайы үшін саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Осылайша, Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық әрекетіне өзіндік көзқарасы қалыптасқан, саяси астыртын күрестен біршама тәжірибесі бар қайраткер боп жетіледі.
«Әлекең ерекше тұлға. Бұл кісі қазақ ұлт-азаттық көтерілісін жаңа сапаға көтерген, жаңа сатыға шығарған. Қазақ өміріне интеллектуалдар бастаған, бағдарламалық негізі бар, мақсат, мүдде, міндеті анық, ұлт-азаттық қозғалысты алып келді», – деді ҚР ҰҒА академигі, профессор Мәмбет Қойгелдиев.
Қайраткер елдің ертеңіне сеніммен қарады, келелі істердің басында болып қана қоймай, ел дамуына бастау болар әр салаға жаңа буын әкелді, жастарды тартты. «Алаш» деп аталатын айбынды, асқақ қозғалыстың әр өкіліне қайсар рух, жалынды сөз арнады.
«Әлихан Бөкейханұлы шынында да біздің маңдайалды үлгіміз болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі ұл-қыздарымыз ол кісінің, Алаш арыстарының, сөздерін, ісін көкейге қондырып, жаттап өтуіміз қажет», – деді ақын, аудармашы Саят Қамшыгер.
Әлихан Бөкейхан – рух майданының шын мәніндегі күрескері, халқының бағына бітіп, бақыты үшін ғұмырын сарп еткен тұлға. Әлихан бастаған ұлт зиялылары қазақ тәуелсіздігін аңсап өтті, сол жолда шейіт кетті. Ал, бабалар аңсаған азаттық бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады. Шындық осы.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы