Елімізде 9 маусым күні өтетін кезектен тыс ҚР Президент сайлауына 7 үміткер қатысады. Бүгін тағы үш үміткердің құжаты талаптарға сай келетіні расталып, саяси додаға ресми тіркеуден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен, 11 мамырда кешкі 18.00-ден кейін сайлау алдындағы науқанын бастап кететін жеті бәсекелестер: Nur Otan партиясы ұсынған – Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінен – Сәді-Бек Түгел, Қазақстан кәсіподақтар ұйымы федерациясы атынан – Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған – Дания Еспаева, «Ауыл» партиясынан шыққан Төлеутай Рақымбеков, «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» Біріккен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінен – Әміржан Қосанов.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы бүгінгі отырыста халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттациялау туралы қаулы қабылдады. Шараның әділ өтуін 45 бақылаушы қадағалайтын болды.
«Комиссия құрамындағы жеті бақылаушы – ТМД-дан, 22 бақылаушы – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясынан, 12 бақылаушы – Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан. Ал, Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан 4 бақылаушы аккредиттелуге жатады», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш БАЙМОЛДИНА.
Бұдан бөлек, комиссия шетел журналистерін аккредитациядан өткізу мәселесін де талқыға салды. Бүгінде Сыртқы істер министрлігімен тұрақты байланыстағы 28 бұқаралық ақпарат құралының 94 журналисі тіркелген. Алда болатын кезектен тыс президенттік сайлауға ниет білдірген шетелдік тілшілерден 53 өтінім келіп түскен екен.