|
30.01.2020 | 20:07
11387

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны 160 мыңға дейін өсуі мүмкін

Осы және өзге де мәселелер бүгін ел Парламентінің Мәжілісінде талқыланды

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны 160 мыңға дейін өсуі мүмкін

Биыл аз қамтылған 13 мың отбасы баспаналы болмақ. Олардың 11000-ына мемлекет қаражатынан, 2000-ына демеушілер есебінен беріледі. Ал бала саны 7-ден асатын отбасыларға жәрдемақы сомасы көтерілетін болады. Еліміздегі ең төмен жалақы мөлшерін көбейту де көзделіп отыр. Осы және өзге де мәселелер бүгін ел Парламентінің Мәжілісінде талқыға салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттар мен министрлер көптің көкейінде жүріп, бас қайғысына айналған басты мәселе баспана жайын талқылады. Мәжіліс қабырғасында биылғы жоспар пысықталып, атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарды. Өткен жылы ел тарихында алғаш рет 13 миллион шаршы метр тұрғын үй берілген екен. Яғни 95 мың отбасы қоныс тойын тойлаған.  

«Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына былтыр 11 мың пәтер бердік. Оның ішінде 2000-ға жуығы демеушілер есебінен. Енді біздің алған міндетіміз биылғы жылы оны ең кем дегенде 11 мыңға жеткізуіміз керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.  

Тағы бір өзекті түйткіл – жалақы мәселесі. Халық қалаулыларын күндіз-түні жұмыс істегенімен, жайлы өмір сүре алмайтын қазақстандықтардың проблемасы толғандырады.

«Еліміздегі ең төмен жалақы бойынша бізде посткеңестік мемлекеттерінің ішінде ең аз. Бізден кейін тек Қырғызстан бар. Ең төмен жалақыны жоғарылату мәселесі қашан және қалай шешіледі? Себебі таң атысынан күн батысына дейін, түні бойы, яғни күні-түні және мерекелік күндері жұмыс істегеннің өзінде жақсы өмір сүру мүмкін емес. Бұдан бөлек, жеткілікті зейнетақы қаражатының жиналуы күмән тудырады», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина СМИРНОВА.

Депутаттың сауалына жауап берген еңбек министрі төмен жалақы, тұрғындардың төмен кірістері - бұл жинақтау жүйесі мен атаулы әлеуметтік көмектің ішіндегі мәселелердің басты себебі екенін алға тартты. Сондықтан оны түбегейлі шешу керек дегенді жеткізді.

«Үкімет Президентке жинақтау жүйесіндегі мәселелер аясындағы ұсыныстарын енгізді. Бүгінде Үкіметпен тапсырмалар беріліп отыр. Ұлттық экономика мен Еңбек және халықта әлеуметтік қорғау министрліктері бюджет шығындарын есептей отыра, ең төмен жалақының деңгейін кезең-кезеңмен көтерудің амалдарын қарастырып жатыр. Жалақыны жоғарылатуды биылғы жылдың шілдесінен деп көздеп отырмыз», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Бұдан бөлек, Мәжілісте бала саны 7-ден асатын отбасыларға жәрдемақы сомасы артатыны да мәлім болды. Аталған реттегі бастама бүгінде қолдау тауып отыр.

«Жаңа жылдан бастап көпбалалы жанұяларға бөлек жәрдемақы енгіздік. Табысына қарамастан, төрт және одан да көп балаларға дедік, сараланған түрде дедік. Әр балаға 10600 теңгеден қарастырылады. Бұл жерде екі мәселе көтерілді. Біріншісі ақыры көп балалы деген ұғым бар екен. Неғып 7 баламен шектелдіңіздер. Себебі біздің қабылдаған заңымызда 7 және одан да көп бәріне 74 мың. 15 бала болса, ол аз тиеді. Сондықтан біз оны өткен айда қарадық. Депутаттармен талқыладық.  Депутт тарапынан өзгеріс енгізіліп отыр. Біз оны толығымен қолдадық. Сөйтіп Құдай қаласа, сол заң қабылданады. Қазір Үкіметтен шығып келіп, қайтып келеді Парламентке», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Осылайша, Біржан Нұрымбетовтың сөзіне қарағанда, 7 балаға – 74 мың, 8 балаға – 85 мың, 9 балаға – 96 мың, ал 15 балаға 160 мың теңгеге дейін белгіленеді. Оған тиісті қаражат қарастырылған.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған 15 баласы бар бір отбасы бар екен.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир