Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты осындай пікір білдірді. Бүгін сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық аталған салаға деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп атады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елімізде тек соңғы 5 жылдың ішінде пара алу бойынша Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған.
«Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы кәсіпкерлерге зор шығын келтірген тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керектігін айтты.
«Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты «кедергілер арқылы жүгіру» дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын»,– деді Мемлекет басшысы.