Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері жақын арада сауда көлемін 5 миллиард долларға, кейінірек 10 миллиард долларға дейін жеткізу туралы уағдаласты. Бүгін елімізге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев ресми сапармен келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысымен кеңейтілген форматта екіжақты келіссөздер жүргізді. Алдымен салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Одан кейін шағын құрамда екі ел мәселелері талқыланды. Президенттер кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікір алмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік», – деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен келіссөздің мазмұнды болғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жеткенін және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып отырғанын айтты.
«Біз көп қырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салалардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар», – деді Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев.