Алдағы бес жылда республикалық бюджет шығыны 3 триллион теңгеден асып түсуі мүмкін

Алдағы бес жылда республикалық бюджет шығыны 3 триллион теңгеден асып түсуі мүмкін
Былтыр 138 миллиард теңге орынсыз жұмсалып, 224 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Парламенттің қос палатасы республикалық бюджеттің жұмсалу жүйесін талқылады. Есептей келгенде, алдағы 5 жылда республикалық бюджеттің шығыны 3 триллион теңгеден асып жығылады екен деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, бұған мемлекеттік қарыз, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, оның берген кепілдемесі мен міндеттемелерін қоссақ, онда тіпті сома 5 триллион теңгеден асып кетеді. Бүгінгі отырыста осындай мәлімет ұсынған сенатор әрі аталмыш палатадағы Қаржы комитетінің төрағасы Ольга Перепечина ақшаны үнемдеуді үйренбеген жағдайда мемлекетке үлкен ауыртпалық түсетінін меңзеді.

«Орындалған жұмыстарды орталыққа асырып көрсетеміз деген аймақтағы шенеуніктер ретсіз келісім-шарттарға қол қояды. Әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша. Олар үкімет пен жеке бизнесті шартпен теңестіру дегенді ойламайды. Шенеуніктер 3-5 жылда біткен жұмысқа қаржыны төлейміз деп қол алысады. Кейін бұл бюджетке ауыртпалық түсіреді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга ПЕРЕПЕЧИНА.

Депутат бүгінде мемлекет пен жеке бизнестің арасындағы жобалар келісімі 1,5 триллион теңгеден асады деп отыр. Сондықтан жағдай ушықпас үшін мемлекеттік міндеттемелерді бір жүйеге келтіруді ұсынды. Онда лауазымды тұлғалар қарыз қайтару мерзімін, мемлекет өзіне алған толық міндетті, жеке секторға айтқан уәдесін жүйелеу керек екен.

Айта кетейік, былтыр 138 миллиард теңге орынсыз жұмсалған. Осы үшін 224 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған еді. Оның 9 пайызы – басшылар. Сондықтан жиынға қатысқан депутаттар орынсыз жұмсалған қаржы үшін бірінші кезекте лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керек екендігін айтты.

Новости партнеров