|
30.09.2021 | 16:59
5875

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы аясында 13 құжатқа қол қойылды

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумның жалпы отырысы барысында айтты

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы аясында 13 құжатқа қол қойылды admtyumen.ru

Қазақстан мен Ресей тарапы 28-30 қыркүйек аралығында онлайн форматта өткен XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында 13 құжатқа қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумның жалпы отырысы барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мен бүгінгі әңгіме конструктивті және іскерлік сипатта болады деп ойлаймын. Негізгі мәселелер талқыланды, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталды, нақты тапсырмалар берілді. Форум аясында 13 құжатқа қол қойылды», - деді Президент.

Оның айтуынша, құжаттар ақбөкен популяциясын, Каспий итбалығын сақтау мен көбейтуге, сондай-ақ, аймақтар мен кәсіпкерлер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға қатысты болып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, енді екі елдің үкіметтері мен аймақтары үлкен көлемдегі практикалық жұмыстарды атқаруы тиіс.

«Бүгін форумымыздың дәстүрлі өндірістік -экономикалық күн тәртібінде экология мен жасыл даму тақырыбын сәтті орайластыра алғанымызға айрықша қуантады. Бұл сәнге ілесу емес, айрықша қажеттілік. Шын мәнінде, бұл біздің мемлекеттеріміздің болашағы болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

28-29 қыркүйекте аталған форум аясында қашықтан үш тақырыптық панельдік сессия ұйымдастырылды, соның барысында Ресей мен Қазақстан өкілдері трансшекаралық су объектілері, климаттың өзгеруі, сондай-ақ фауна мен флора туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, 28 қыркүйекте «Экологиялық проблемаларды бірлесіп шешудегі бизнестің рөлі» тақырыбында Ресей-Қазақстан Іскерлік кеңесінің VI отырысы онлайн форматта өтті.

Бастапқыда форум 2020 жылдың қараша айында Көкшетауда жоспарланған болатын. Алайда, іс -шараның уақыты кейінге шегеріліп, коронавирустың эпидемиялық жағдайының нашарлауына байланысты формат өзгертілді.

Айта кетерлігі, Ресей Президенті Владимир Путин екі елдің Өңіраралық ынтымақтастық форумы келесі жылы қай қалада өтетінін айтты. 

«2022 жылы кезекті өңіраралық форумы Ресейде өтуге тиіс. Біз Орынборды қарастырып жатырмыз. Мен бәрін бізге қонаққа шақырамын. Бетпе-бет кездесу форматында жиналамыз деген үміттемін», –деді РФ Президенті.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир