Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақорда баспасөзінің мәліметінше Марат Сұлтанғазиев қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгеріс байқалатынын хабарлаған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс – 114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.
Президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін айтқан.
«Мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформадан кейінгі жаңа мүмкіндікті ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгеріс енгізілетіні жөнінде ақпарат берілді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді», - делінген хабарламада.
Президент жаңа әкімге облыс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.