Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесу барысында мегаполис басшысы қала дамуының 2020 жылғы қаңтар айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Сондай-ақ, өндірісті дамыту, құрылыс, шағын және орта бизнес инвестиция тарту салаларындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асу барысы туралы мәлімет берді. Елбасы қала басшысының атқарып жатқан жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Негізгі шаруалардың бәрі өзіңіздің кезінде қабылдаған бағдарламалардың аясында жүріп жатыр. Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша ілгері жетістіктері бар. Биылғы қаңтардың да барлық көрсеткіші жақсы. Дегенмен де көптеген мәселелер, сұрақтар бар. Олар уақытымен шешімін тауып келеді. Халықпен кездесіп, түсіндіріп жатырмыз. Қаржылық жағын да үкіметпен бірлесе шешіп жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Биылғы жылдың қаңтар айында қаланың инвестиция көлемі 43,2 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22 пайызға көп. Сондай-ақ, қаңтарда 84,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нұрсұлтан Назарбаев өсіп келе жатқан қала халқын әлеуметтік нысандармен толық қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.