Елордада ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

akorda.kz
akorda.kz
Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына онлайн режимде қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты.

«Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей  мүмкіндіктері мол екені сөзсіз. Бүгінде мемлекеттік алдында тұрған жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту.  Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістерді қабылдады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ата заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше екенін, аталған кеңес Конституцияның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан  орасан зор жұмыс атқаратынын жеткізді.

«Биыл  Қазақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етуде. Кеңестің осындай мәртебелі әрі жауапты миссияларды атқаруы мерейтой жылына тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясымен және Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференциямен өзара ынтымақтастық еліміз үшін маңызды жетістік. Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан. Ата заңымыз алдағы уақытта да мемлекетіміздің саяси және экономикалық тұрғыдан табысты дамуының айнымас кепілі боларына сенімдімін. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен құттықтаймын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Новости партнеров