|
09.11.2023 | 18:31
4682

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жемісті дамып келеді

Форумда агросекторға қатысты маңызды мәселелер талқыланды

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жемісті дамып келеді Сурет: Аkorda.kz

Қазақстан мен Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерінің тауар айналымы 3,8 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы бүгін Қостанайда өткен XIX өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі басқосуға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин онлайн қатысты. Форум аясында 500-ден астам сарапшы мен бизнес өкілдері агросекторға қатысты маңызды мәселелерді талқылады.

Азық-түлік қауіпсіздігі, ауылшаруашылығын сандық жүйеге көшіру және осы салаға жастарды тарту мәселесі қаралды.

Жиынды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап берді. Президент екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жылдан жылға күшейіп келетінін атап өтті. Өткен жылы арадағы тауар айналымы 20 пайызға артты.

– Қазақстан мен Ресей арасында өзара тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келе жатыр. Бірлескен жобалар іске асырылып, өзара есеп айырысу бағытында ұлттық валюталардың үлесі ұлғая түсті. Сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік салада өсім бар. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биылғы форумның тақырыбы ауыл шаруашылығына арналды. Ресей басшысы Қазақстан нарығын азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті. Агросектордағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту – Ресейдің де, Қазақстанның да экономикасына оң әсер етеді, - деді Владимир Путин.

– Жалпы, 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің екіжақты тауар айналымы 22 пайызға артып, төрт миллиард долларға жетті, осы жылдың алғашқы жеті айында тағы үш пайызға өсті. Ал біздің ел Қазақстандағы әріптестеріміз бен достарымыздың қажетіне қарай Қазақстан нарығын осы және басқа да көптеген қажетті азық-түлік түрлерімен үздіксіз қамтамасыз етуге ниетті, - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы - ресейлік компания. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі де артып келеді. Жуырда ғана Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасы іске асты.

Сая Меңдеке, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қостанайда XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир