Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл: Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын қорытындылаудың маңызды шегіндеміз

Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл: Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын қорытындылаудың маңызды шегіндеміз
Ассамблея ширек ғасыр аясында ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институтына айналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

11 маусымда Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде онлайн форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қатысумен өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Қ.Түймебаев, ҚР Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.К.Божко, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А.Әзілханов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Б.Қалиев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры З.К.Шаукенова, Қазақстан халқы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы А.К.Сәдуақасова, қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында қатысушылар: «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі: Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Этносаралақ саладағы мемлекеттік саясат модернизациясының басымдықтары аясындағы ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің міндеттері», «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының перспективті міндеттері» және т.б. тақырыптарды талқыға салды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Ассамблея ширек ғасыр аясында ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институтына айналды.

«Мерейтойлық датаны атап өте отырып, біз қазақстандық үлгінің жетістігінің негізгі факторы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси көшбасшылығы мен ерік-жігеріне байланысты болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.

Елбасымыз Қазақстанның ұлттық саясатының басты ұстанымдары мен принциптерін толық айқындаған тұлға.

Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ел басшылығында болған 30 жыл ішінде кез келген өзгерістерге, геосаяси жағдайларға қарамастан, этносаралық мәселеде өз ұстанымдарынан айнымаған саяси ерік-жігеріне зор құрмет көрсетуге тиіспіз.

Қазір біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын қорытындылаудың маңызды шегіндеміз.

Аталған мәселе бойынша жұмыстың жаңа мүмкіншіліктері ашылуда.

Ғылыми қоғамдастық алдында өте маңызды міндет тұр – Елбасының Қазақстан халқын саяси ұлтқа интеграциялау бойынша құнды тәжірибесін талдап қорыту.

Осы орайда этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа парадигмалары мен алгоритмдерін қалыптастыру қажет», – деді Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде.

Татулық пен келісім құндылықтары Тұңғыш Президент –  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының әрдайым аса маңызды басымдықтары екені белгілі. Соның арқасында қоғамымыздың көп этносты болуы, мәдениеттер мен тілдердің алуан түрлілігі біздің артықшылығымыз бен жетістігімізге, Қазақстан дамуының берік негізіне айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты және айқын жетістіктерінің бірі - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау – Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, бәріміздің ортақ міндетіміз екенін атап өту керек.

Жансейіт Түймебаев этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін нығайтуға септігін тигізуші бірегей институт – Ассамблеяның қызметі мен ерекшелігіне тоқтала кетті:

«Бүгінгі күні біз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең сәтті ұлтаралық қатынастар моделінің авторы болғандығын нық сеніммен айта аламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.

Елбасының саяси көшбасшылығы, президенттік институт – қоғамдық келісім мен бірлік саясатынан ажырағасыз.

Тәуелсіздік жылдарында елдегі барлық стратегиялық құжаттар этносаралық қатынастар факторын ескере отырып қабылданды.

Мемлекетіміздің дамуы, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту шартымен жүзеге асырылды.

Бұл Қазақстан дамуының аксиомасына айналды.

Ассамблея өзінің 25 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік пен зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі 100-ден аса этностың басын бір шаңырақ астына біріктіруші, тұрақтылықты сақтаушы құрылым және ол еліміздің дамуы жолында маңызды рөл атқаруда».

Сондай-ақ, кеңейтілген отырыс барысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің алға қойған міндеттері жайында баяндамалар жасалып, жаңадан құрылған Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының қызметі таныстырылды.

Басқа аймақтардың қатысушылары ZOOM конференц-платформасы арқылы онлайн режимде қосылды.


Новости партнеров