ШЫҰ саммиті: 25 құжатқа қол қойылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауқымы кеңейген ұйымның бастамаларын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қарарын қабылдау керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болып Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Ол жұмысына келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі. Ал, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы плюс форматындағы отырыстан кейін қазіргі хатшы Чжан Мин арнайы брифинг өткізіп, ұйымның жұмысын қорытындылады. Чжан Мин бүгінгі басқосу нәтижелі болғанын айтады. Тараптар геосаяси жағдайдан бастап, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді талқылады. Бүгін түске дейін Астанада өтіп жатқан саммитте 25 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауқымы кеңейген ұйымның бастамаларын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы қарарын қабылдау керек. Дәл осындай ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы, бұл ұйымның үні әлемдегі геосаяси шиеленістерді шешу кезінде халықаралық ареналарда бұдан да күштірек естілуі керек деген ойда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы плюс отырысында алғаш болып сөз сөйлеп, алғы сөзін жиынға қатысушыларға қарата айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, ұйым мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтарға тап болып, күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті Президент. Сондықтан, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің беделін, елеулі экономикалық және адами ресурстарын ескере отырып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тиімді шешімдер әзірлеуге қабілетті дегенге сенім білдірді.  

«Халықаралық қауіпсіздік архитектурасына қауіп төніп тұр, бұл бүкіл адамзат үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осындай тағдыршешті кезеңде бізге өңірлік және жаһандық деңгейде ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеледі», – деді  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін ұйым мүшелері бірігіп атқарылуы керек тірліктерді кезекпен жіпке тізді. Мәселен, Қытай төрағасы халықаралық ахуал қалай өзгерсе де, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бірлескен және тұрақты қауіпсіздік кепілі болып қала беруге тиіс деді. Қауіпсіздік пен тұрақсыздық туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш те айтты. Ол бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырып, оны орнатуда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы рөлін ерекше атап өтті.

«Біздің көпжақты жүйенің басты мақсаты бейбітшілік болуы тиіс. Бұл – адам құқықтарының орнықты дамуы мен жүзеге асырылуының алғышарттары. Бізге Таяу Шығыста Газаны дереу әскери қимылды тоқтатудан бастап қантөгісті тыйып, бейбітшілік орнату қажет. Кепілге алынған барлық адамдарды сөзсіз босатып, көмекті күрт өсіріп, адамдарды құтқарып, нақты міндеттемемен проблемаларды шешіп, екі мемлекет құруға арналған жол картасын жолға қою керек», – деді Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш.  

Бүгінгі саммит әлемдегі ахуалды қозғап, оны шешу жолдарын айтқан алаң болды. Шараға қатысушылар бір-бірімен түйіні тарқамаған мәселелерді, бетпе-бет отырып талқылауға мүмкіндік алды. Осылай деген саяси сарапшы Жансая Нұрәлиева, Қазақстан ашық алаң ұсыну арқылы өз беделін өзгелердің алдында бір көтеріп алды дейді. Мұндай іс-шара өткізу - біз бейбіт өмір қалыптасқан, тұрақты даму жолына түскен ел екенімізді дәлелдеумен тең екен.  

«Қазақстанның әлемдегі тұрақсыздық кезінде басшыларды жинап, бір үстелге басын қосуы еліміздің беделін айқындайды. Және сол арқылы біз өзіміздің бейбіт ел, диалогқа ашық екенімізді көрсетеміз», – деді саяси сарапшы Жансая Нұрәлиева.

Бүгін Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуін тоқтатып, ол міндетті Қытайға тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде қысқаша айтып өткен еді. Президент ұйымға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар өткізілгенін жеткізді. Еске салайын, бүгін ұйымға мүше мемлекеттер 25 маңызды құжатқа қол қойды. 

Оқи отырыңыз: Шетелдік БАҚ Астанадағы ШЫҰ саммиті туралы жазып жатыр

Новости партнеров