Бүгін Қазақстан мен Түрікменстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздерге дейін Тәуелсіздік алаңында Түрікменстанға мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевті салтанатты түрде ресми қарсы алу шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қос ел басшылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
«Түрікмендер – бізге бауырлас халық. Халықтарымыз арасындағы достықтың тамыры тереңде. Көп нәрсе бізге ортақ. Бұл ортақ шекарамызға да қатысты. Бауырлас Түрікменстан халқына деген ниетіміз таза. Стратегиялық серіктестікті дамыту, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жеке бақылауымда. Бұл – біздің саясатымыздың басым бағыты. Осы сапар барысында ынтымақтастығымыздың бағытын айқындайтын аса маңызды құжаттарға қол қойылады деп ойлаймын. Біз бұрынғыша халықаралық аренадағы белсенді ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің шақыруын қабыл алып, Түрікменстанға сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
«Біз сіздің мемлекеттік сапарыңызға ерекше мән беріп отырмыз. Түрікмендер мен қазақтардың рухани-тарихи байланыстары тереңде жатыр. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз – әрқашан тұрақты және сенімді. Бұл мемлекеттік сапарыңыз халықтарымыз бен бауырлас елдеріміздің игілігі жолындағы туыстық әрі стратегиялық екіжақты қатынастарымызға тың серпін беріп, оны мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік туғызары сөзсіз. Халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтқым келеді», – деді Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.