Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Италия президенті Серджо Маттарелламен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді
Италия 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 7,6 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Астанаға ресми сапармен келген Италия президенті Серджо Маттарелламен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мемлекеттің Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі 20 миллиард долларға жетсе, биыл 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 миллиард доллар болған. Тараптар сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келісті. Президент өз сөзінде ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарын атап өтті. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, логистика, жеңіл өнеркәсіп, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.
«Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанын айтып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Өз кезегінде Италия президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді. Кездесуде Мемлекет басшысы Италия президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаса, Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.
«Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орта Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан болатын. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Италия президенті Серджо Маттарелла.
Оқи отырыңыз: Астанада Италия мәдени орталығы ашылады