Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан алынған арнайы сұхбатты жариялады. «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» деп аталатын сұхбатта мемлекет басшысы күнтәртібіндегі өзекті мәселелерге жауап беріп, өз ой-толғамдарын бөліскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақалада пандемия кезіндегі ел жағдайы мен одан кейінгі атқарылар мәселелер талқыланған. Президенттің сөзінше, елімізде төтенше жағдай дер кезінде жарияланып, азаматтарға, мұқтаж жандарға көмек жоспарлы түрде көрсетіліп жатыр. Десе де мәселе мұнымен шешілмейтінін атап өтіп қосымша 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтады. Дағдарысқа қарсы шаралар да қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, бизнес өкілдеріне түрлі қолдау көрсетіле отырып, қазына қаражатын үнемдеу мәселесі де ойластырылған. Атап айтқанда ауқымды жиындар өткізуге арналған қаржы қысқарып, кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылыпты. Бұдан бөлек мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына, қазіргі оқу үдерісіне, коронавирусқа қарсы күресте жанталасып жүрген дәрігерлерге қатысты да пікір білдірген.
Сондай-ақ, биыл ғұлама Әл-Фараби мен ұлы ақын Абайдың мерейтойы аясында өткізілетін шаралар онлайн форматта өтіп, интернет-ресурстарда кеңінен насихатталатыны айтылған. Сөз соңында Президент тіл тақырыбын қозғап, ұлттық қауіпсіздік ана тілді қадірлеуден басталады дейді. Сонымен қатар Үкімет «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қайта қарайтыны жазылған. Айта кетейік, сұхбат барысында мемлекет басшысы егер індет өршіп, жағдай қиындап кетпесе 11 мамырда төтенше жағдай режимі алынатындығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, президент Егемен қазақстан газетіне берген сұхбатында мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерді де жіпке тізді. Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы салаларына көптеп көңіл бөлінбек. Азық-түліктің бағасы да тұрақты болады. Осыған байланысты экономист маманның пікірін жазып алған едік. Тыңдап көрейік.
«Дағдарыстың орын алуына байланысты Президенттің тапсырмаларының ішіндегі маңызды қадамдарға тоқталатын болсам, бұл бірінші кезекте ауыл шаруашылық саласында форвордтық келісімшартты жүзеге асыруға 200 млрд теңгенің бөлінуі. Форвордтық келісімшарт дегеніміз – бұл алдын ала келісім жасалатын фермерлерден қандай көлемде өнім өндіру керектігін және қандай бағада болатындығы жөнінде келісім жасалынады. Және тағы да бір маңызды қадамдардың бірі – президенттің өзі мақаласында айтып отыр квазимемлекеттік сектордың шетелде ұстап отырған долларын елге алып келіп, сатуға байланысты тапсырмасы. Бұл да өзекті мәселе.
Белгілі дәрежеде доллардың тапшылығын туғызбауға оңтайлы әсерін тигізеді. Және теңгенің тұрақтылуына жәрдемдесетін болады. Енді осыған байланысты шағын және орта бизнеске еңбек ахуалына жасалған үлкен жеңілдік бар. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес бірінші кезекте табысты ойлайтыны белгілі. Осы кезде еңбекақы қорының 30 пайыз шығынын мемлекет есебінен көтеретін болса, онда көптеген бизнес тоқтамайтын болады. Және жұмыссыздардың саны көбеймейтін болады», – деді GSB UIB директорының орынбасары экономист Мақсат ХАЛЫҚ.