Елімізде браконерьлермен күресудің жаңа жолы пайда болды. Енді мамандар сирек кездесетін аңдарды суретке түсіретін фотоқақпанды браконерьлерді ұстау үшін қолданбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл инновациялық әдіс аңдарды заңсыз ауламақ болғандардың әккі әрекетіне тоқтау салады деп сенеді. Оған қоса, қорықшылар арасындағы жемқорлықтың да жолын кеседі. Мамандардың сөзінше, сезімтал фотоқақпанды қорық ішінен бөлек, бетпақ далада да орнатуға болады. Әзірге оның нақты қайда орнатылатыны анықталған жоқ. Алматыда пилоттық жобаны талқылаған құқық қорғау орган өкілдері, тәртіп сақшылары мен ғылыми қызметкерлер заманауи әдістің нәтижелі болатынынан үмітті. Сондай-ақ, Қазақстандағы броконерьлікті жою үшін Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы да көмекке келуге дайын.
«Браконьерлік дегеніміз Қазақстандағы жануарлар әлеміне қауіп төндіреді. Өздеріңіз білесіздер, ол тіпті адам өлімімен аяқталып жатқан деректер бар. Оған елімізде орын алған оқиғалар дәлел. Біз семинар аясында Алматыдағы мемлекеттік қорыққа фотоқақпандарды қойып көрсетіп жатырмыз. Жабайы жануарларды бақылап отыратын құрылғы енді заңсыз аңдарға шабуылдайтындарды да түсіреді. Нәтиже болса дейміз», – дейді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтан қаласы экономика және қоршаған ортаны қорғау бағдарламалары жөніндегі ұлттық үйлестіруші Ерлен БАДЫХАН.
Айтпақшы, қимылға жылдам әрекет ететін фотоқақпан адам қолы жетпейтін жерлерге орнатылмақ. Браконьерлердің жақындағанын сезген құрылғы автоматты түрде оны суретке түсіріп алады. Егер аңға заңсыз шабуыл жасамақ болған азамат камераны сындырғысы келсе, ол әрекетінен де түк шықпайды. Себебі, бірнеше метрге тағы да төбеден түсіретін қосымша камера орнату жоспарланып отыр. Есте болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су және өсімдік әлемін қорғап, браконьерлікпен және орманды заңсыз отаумен күрес жүргізу мәселелеріне баса мән беруді тапсырған болатын.
«Бұл бастаманы біздің акамедия ұсынған болатын. Мәселе өте маңызды. Себебі, президент халыққа жолдауында браконьерлікпен күресуді назардан тыс қалдырмайды. Біз ауқымды семинар өткізіп, өзекті мәселені барлығымыз бірігіп шешуіміз керек деп ойлаймыз. Әзірге фотоқақпан орнатып, нәтижесін қараймыз. Негізі қорықтарда бұл камералар қойылған. Тек басқа мақсатқа қолданып келеміз. Енді пилоттық жоба аясында өзге қырынан көрейік», – дейді ҚР Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясының доценті Марал ӘЛІШЕВА.