Алматы әкімдігі «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры акционерлік қоғамымен өзара әріптестік жөніндегі келісімге келді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев және қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қол қойған маңызды құжат он бағытты қамтиды. Түрлі салаға серпін беретін бастаманы мегаполис басшысы жоғары бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Меморандум қаланың бизнес-қоғамдастығының қор компанияларымен ынтымақтастығын нығайту бойынша нақты шараларды қамтиды. Біздің кәсіпкерлер «Самұрық-Қазына» ұттық әл-ауқат қоры қажеттіліктері үшін жоғары сапалы өнім жеткізуге дайын. Әрине, байланыстардың нығаюы Алматы экономикасының дамуына және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен қолдау көрсетеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Тараптар табиғи газды моторлы отын ретінде пайдалануды кеңейтуде, әлеуметтік сала мәселелерін шешуде, Алматы қаласын «Ақылды қала» ретінде дамыту жөніндегі шараларды қолдануда, сондай-ақ, қала қауіпсіздігінің мониторингін қамтамасыз етуде біріге жұмыс істейтін болады. Меморандумға сәйкес әлеуметтік сала мәселелерін шешу, аутизмді дәрі-дәрмексіз емдеу, балаларды отбасына орналастыруға заңды түрде қолдау көрсету, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, паллиативтік көмек ауруханаларын, туберкулезге қарсы диспансерлерді материалдық-техникалық жарақтандыру бағыттары бойынша мәселелері шешілетін болады.
«Біз Қазақстанда өндірілмейтін тауарларға зерттеу жүргіземіз және егер инвестор өндірісті іске қосса, біз сатып алуды қамтамасыз етеміз. Қор осындай жобаларды қолдауды оффтейк келісім-шарттарға қол қою арқылы жүзеге асырды, яғни бұл алдын ала төлем жасау арқылы ұзақ мерзімді тапсырыстар механизмі арқылы жүргізіледі. Екі жақты келісім арқылы жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - деді «Самырұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ.