Мемлекет басшысы БАӘ президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Абу Даби әмірлігінің Тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға және БАӘ-нің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға БАӘ президенті шейх Халифа бен Заид Әл Наһаянның өмірден озуына байланысты көңіл айтты.
«Шейх Халифа өз өмірін Араб Әмірліктері мен оның халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға риясыз арнады. Сондықтан, оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар да бауырыңыз шейх Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, көрнекті мемлекеттік қайраткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайтын болады. Қаралы сәтте Сіздерге және әулеттеріңізге, сондай-ақ отандастарыңызға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, қайғыларыңызға ортақтасамын», – делінген жеделхаттарда.