Қазақстан Республикасының Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

akorda.kz
akorda.kz
Жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілер Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, мемлекеттер арасындағы алыс-беріс, ынтымақтастық артатынына сенім білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшысына Бразилия елшісі Рубем Антонио Корреа Барбоза, Оман Сұлтанатының елшісі Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахрани, Корея Республикасының елшісі Ку Хонг-сок сенім грамоталарын тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық жұмыстарының басталуымен құттықтап, оларға табыс тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Сіздердің елдеріңізбен арадағы қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің мемлекеттеріңіздің басшыларына сәлем жолдаймын. Елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықтың одан әрі дамуына үлес қосасыздар деп сенемін. Сіздер бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқан қиын-қыстау уақытта біздің елімізге келдіңіздер. Қазақстан бұл қауіпті дертті жеңу үшін дер кезінде шешім қабылдап жатыр. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ біз халықаралық ынтымақтастыққа арқа сүйейміз, Біріккен ұлттар ұйымының іс-әрекеттерін қолдаймыз. Сонымен қатар әлемдегі барлық ел жұмылса, аталған дертті жеңеміз деп үміттенеміз», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Ал, жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілер Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, мемлекеттер арасындағы алыс-беріс, ынтымақтастық артатынына сенім білдірді.

«Мен үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын салтанатты түрде табыстау үлкен мәртебе. Мен Корея мен Қазақстан арасындағы стратегиялық-әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға бар күшімді саламын. Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлының біздің елге келуіне ықпал етемін. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты Кореяға сапары кейінге қалдырылған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтің біздің елге келуі - арадағы байланысты одан әрі арттырмақ. Сондай-ақ бұл сапар барсында екі мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық береді», – деді Корея Республикасының қазақстандағы елшісі Ку Хонг-Сок.

Новости партнеров