|
09.06.2021 | 21:02
11745

Қ. Тоқаевтың Президент боп сайланғанына тура 2 жыл: «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қалай жүзеге асты

Осы 2 жыл аралығында Елбасының сындарлы саясатын жалғастыра отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген игі істер тындырды

Қ. Тоқаевтың Президент боп сайланғанына тура 2 жыл: «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қалай жүзеге асты ©akorda.kz

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайланғанына тура 2 жыл толды. Дәл осы күні қазақстандықтар тәуелсіз ел тарихында екінші Президентін сайлаған болатын. Саяси додада жеті адам өздерінің кандидатурасын ұсынған еді. Нәтижеде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,96 % иеленіп мемлекет тізгінін ұстады. Осы 2 жыл аралығында Елбасының сындарлы саясатын жалғастыра отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген игі істер тындырды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Екі жыл бұрын сайлау сәтті өтіп, шетелдік сарапшылар тарапынан оған жоғары баға берілгені белгілі. Осылайша Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланды. Сол-ақ екен, көп уақыт өтпей елде бірінен соң бірі бірқатар оқиғалар болды. Солардың бірі – Арыстағы жарылыс. Сол кезде Президенттің елордада отырып пәрмен бермей, халықтың арасынан табылғаны жұрттың жадында.

Сол кезде-ақ қазақстандықтар сайлауда дұрыс таңдау жасағанына шын қуанғаны рас. Мемлекет басшысы бірден елдегі қордаланған мәселелердің түйінін тарқататын Заңдарға өзгеріс енгізуді қолға алды. Мәселен, балаларға қатысты жасалған қылмыс ауыр қылмысқа теңестірілді. Саяси партияларға митинг өткізуге рұқсат беретін Заңдар күшіне енді. «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық берешегі бар азаматтардың несиелері кешірілді. Халыққа зейнетақы жинағындағы қаражаттың бір бөлігін белгіленген талаптар бойынша алуға рұқсат етілді.

«Сөзсіз елде саяси экономикалық реформалар басталып кетті. Олар жүріп жатыр... Бүгінде  қоғамның ішінде де әртүрлі пікір бар. Бірақ енді зейнетақы жасына жетпей-ақ, бәлкім, егер қомақты қаржы жиналатын болса, оны бүгінгі қажеттілігіне, оның ішінде қазақтың номір бірінші – баспана мәселесін шешуге оңтайлы құрал ретінде ұсынуы ол да жақсы шешім болды... Яғни, қалған жұрттар зейнетақы жүйесіне тіркелуге мүдделі болып отыр. Бұл да алғашқы капиталды жинаудың бір жолына айналды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Президент дүниежүзінде геосаяси, геоэкономикалық өзгерістерді ескере отырып, жерді шетелдіктерге сатуды және жалға беруді шектеу туралы шешім шығарды. Нақтырақ Заңмен шегеледі.  25.02.2021 ж.

«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылар бұл ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үлкен қадам деп бағалады.

«Шетелдіктерге жер сатылмайды деген, менің ойымша, тарихи Заң. Бұл біздің ертеңгі балаларымызға, шөбере-немерелерімізге пайдасы тиетін Заң. Ертең артымыздағы ұрпақ бізге рахмет айтатын болады. Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет айтады. Сондықтан осындай алай-дүлей заманда кейбір адамдар жер сатылса екен деген бір жеке бастың қамын ойлаған заманда Президенттің осылай шорт кесіп, айтқанына мен өз басым қуанып отырмын», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған тұста коронавирус дерті де дүниежүзін қыспаққа ала бастаған еді. Әлем әлі күнге індетпен күресіп жатыр. Алайда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының берген бағасы бойынша Қазақстан кеселмен күресте іс-шараларды тиімді ұйымдастыра білді. Оның бір айғағы – өз вакцинасын жасап шыққан 12 елдің бірі Қазақстан болды.  

28.05.2021

«Бүгінге дейін 2 миллион қазақстандыққа вакцина салынған екен. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Көптеген ел мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 пайызына екпе саламыз деген мақсатыңыз қолдауға тұрарлық. QazVac екпесінің әзірлемесін қолдаймыз және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Президент дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын 2023 жылға дейін 2-3 есе ұлғайтуды да мақсат етті. Ауыл әкімдерін халықтың өзіне таңдауға, яғни сайлау арқылы тағайындауға мүмкіндік жасады. Бұл аз ғана уақыт ішінде елде жүргізілген реформалардың бір парасы. Бастысы, Мемлекет басшысы билік пен бұқараның арасында берік байланыс орнататын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақты іс жүзінде жүзеге асыратынын айғақтады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир