Биыл елімізде бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу Заңмен реттелді
Биыл елімізде Президент бірқатар заңға қол қойды. Әрине, олардың әрбірінің қазақстандық үшін маңызы зор. Өйткені басым бөлігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, салықтық жеңілдіктерге, елдегі қылмыс санын азайтуға және ұлттық келісімді сақтауға бағытталған. Заңдарға енгізілген ең маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Биыл елімізде бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу Заңмен реттелді. Қоғамда көп талқылаудан өтіп, әртүрлі пікірлер ескеріліп, әбден жетілген соң мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» түбегейлі жаңа Заңға қол қойды. Бастама көтерген де Президент болатын.
«Әрине, біз рұқсат шектеуінен көшіп, яғни рұқсат алудан бастап мәлімдеме жасауға көштік. Яғни мемлекеттік органға мәлімдеме жасап, біз осындай митинг өткіземіз, біз сіздерге мәлімдеме жібереміз деп. Әрине, мерзімдер қысқартылды... Егер де әкімдік бір азаматтың өзіне немесе топтан, ұйымнан митингті ұйымдастырамыз деген мәлімдеме түссе, Заңның аясында 5 күнде қарастырып, рұқсат беруі керек. Бұл әлемде бар тәжірибе», – деді саясаттанушы Алуа Жолдыбалина.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «Қандас» дегеніміз жөн болады деп ұлтымыздың ұғымына сай терминді ұсынды. Көп ұзамай оралман атауы «қандас» болып өзгерді. 13 мамырда көші-қон процестерін жетілдіру туралы заң қабылданды.
«Бұл сөздің қазақ үшін кел келген азамат үшін өте жақын. Қандасым, туысым, бауырым деген мағына береді де, өйткені қазіргі кезде біздің мемлекет үшін әр қазақстандық үшін ұлттық татулық бірінші орынға шығып тұрған кезеңде бір-біріне жақын тарту бұл өте маңызды», – деді Республикалық оралмандардың «АСАР» ҚБ төрағасы Қайрат Бодаухан.
Салық кодексіне де өзгерістер енгізілді. Онда жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық қарастырылды. Атап айтқанда, 2020 жылғы 1 сәуірге дейін мүлік, жер мен көлік салығы бойынша берешегі барлардың өсімпұлы жойылды. Бұл мүмкіндікті пайдалану осы жылдың соңына дейін жасалып отыр.
«Биыл жылдың басында салықтық рахымшылық басталған кезде 1,5 миллион адамның салыққа берешектері бар еді. Бұлардың негізгі салықтары 20 млрд. астам. Өсімпұлы 4 млрд. астам еді. Қазіргі күні 26 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша 10 млрд.астам негізгі салығын төлеп, 1 млрд. 200 млн астам өсімпұлы кешірімге жатты. Жалпы жаңағы 1 жарым миллион адамның 72 мыңнан астамы өздерінің салық алдындағы берешектерін орындады», – деді ҚР Қаржы министрлігі басқарма басшысының орынбасары Олжас Отар.
Сонымен қатар, биыл мәдениет саласында қабылданған бірқатар Заң нормаларымен де есте қалды. Бұл құжат әншілерге үлкен сахналарда өнер көрсетер алдында фонограманы қолданса көрерменге ескертуі міндеттелді. Сахна мәдениетін сақтамағандар заңмен жазаланады деп шегеленді. Кітапханалар жұмысы, авторлық құқық мәселелері жүйеленді. Мәдениет нысандары жекешелендіруге жатпайды деген де норма да енгізілді.
«Әншілердің мінез-құлқысы туралы да норма енгізілген. Өйткені соңғы кезде көптеген сахнада мінез-құлқын көрсетіп, мас күйінде шығу деген жағдайлар болды. Сондықтан осыны болдырмау үшін осындай норма енгізіліп отыр», – деді ҚР Мәдениет министрлігі департамент директоры Күміс Сейітова.
Әлеуметтік салада халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бірқатар Заңға қол қойылды. Мәселен, ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар көпшіліктің көңілін жадыратты. Заң аясында сегіз немесе одан да көп балаға төрт АЕК мөлшерінде немесе одан кейінгі әр балаға 10604 теңге мөлшерінде жәрдемақы белгіленді. Жәрдемақының мөлшері 84 мың теңге болды. Тағы бір қабылданған заңның арқасында шалғайдағы ауылдағы ағайын да көптен армандаған интернетке қол жеткізе бастады.
Асылбек Тойбек