Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен VI Каспий саммитіне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Ақтаудағы тарихи саммиттен бері төрт жыл өткенін айтты. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде әлем түбегейлі өзгерістерге ұшырады.
"Бұрын-соңды болмаған "жаһандық дауыл" жағдайында геостратегиялық орналасуы, ең бай табиғи ресурстарының болуы, сондай-ақ бірегей транзиттік әлеуетімен Каспий теңізінің ерекше маңыздылығы артып келеді. Ақтау саммиті бүкіл әлем қауымдастығына Каспий маңы мемлекеттерінің ең күрделі мәселелерді тек бейбіт жолмен, тату көршілік пен достық рухында шешуге қабілетті екенін паш етті. Оның айқын дәлелі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға ұзақ жылғы келіссөзден кейін қол қойылуы", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Каспий - пайдалы ресурстардың орасан шоғырлануы ғана емес, сонымен қатар "шексіз мүмкіндіктер теңізі" екенін айтты. Ол Каспий маңы елдерінің әлеуетін толық пайдалану үшін ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы тәсілдері туралы ел көзқарасын ұсынды.
"Бірінші. Бүгінде Конвенцияның тез арада күшіне енуін қамтамасыз ету – біздің бірінші басымдығымыз. Төрт жыл бойы бұл мәселенің екі жаққа да қолайлы шешімдерін табу үшін қажырлы жұмыстар жүргізілді. Біз тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз, өйткені бұл мәселелер ұлттық мүдделерге тікелей қатысты.
Екінші. Дәстүрлі жеткізу тізбегіндегі үзіліс жағдайында көліктік өзара байланыс тұрақты өсудің және біздің мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюының негізгі факторына айналып отыр. Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының рөлі айтарлықтай артты. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық жүктерді осы бағыт бойынша тасымалдау көлемі 2,5 есеге, ал Каспий маңы елдерімен жалпы тауар айналымы 9 пайыздан астамға өсті. Теңіз арқылы жүк тасымалы көлемін ұлғайту мақсатында біз оның порттық инфрақұрылымын жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Менің ойымша, бізге шұғыл ұйымдастырушылық мәселелерді бірлесіп және жедел шешуге тура келеді", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Солтүстік-Оңтүстік перспективалы дәлізін одан әрі дамытуға да ерекше назар аудару керек екенін айтты. Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа жол саналатын Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолының мүмкіндіктерін барынша пайдалануға болар еді, дейді Президент. Бұл жаңа логистикалық шешім небәрі 12 күн ішінде 6000 шақырымнан астам жол жүруге мүмкіндік береді.
"Үшінші. Аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселесі ерекше өзекті. Былтыр Қазақстан мен Каспий маңы елдері арасындағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,4 миллиард доллар болды, оның 70 пайызға жуығы Ресей арқылы құрлық жолымен болды.
Қазақстанның ет және сүт өнімдерінің экспортын арттыруға мүмкіндігі бар. Біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты нығайту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан біз аз шығынмен өзара сауданы ұлғайтуға мүмкіндік беретін Каспий азық-түлік хабын құруды ұсынып отырмыз.
Қазақстанда азық-түлік тауарларын қоймалау, сақтау және сатудың технологиялық дамыған жүйесі бар қазіргі заманғы көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтардың Каспий маңы азық-түлік хабымен жүйелі интеграциясы фермерлерді, сатып алушыларды, тасымалдаушыларды, сатушылар мен тұтынушыларды тиімді кооперациялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Ең бастысы, барлық жеткізілетін өнімді өткізудің сенімді кепілдіктерін қамтамасыз етеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы төртіншіден Каспий экожүйесін сақтау ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін, Каспий жағалауындағы миллиондаған тұрғындардың экономикалық дамуы мен әл-ауқаты трансшекаралық су айдынының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты екенін, жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақтың экологиясына үлкен қауіп төндіретінін, жаһандық жылынудың сын-қатерлері және онымен байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіретінін айтты.
"Қазір біз Жайықты құтқару бойынша шаралар қабылдауға міндеттіміз, әйтпесе жақын арада құтқаратын ештеңе қалмайды. Біз барлық тараптарды күш біріктіруге және Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша жалпы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Бәрімізге ортақ теңізіміздің экологиялық проблемалары туралы айта отырып, Каспий итбалықтарының жағдайын айтпай кете алмаймын. Олардың қырылу деректері алаңдаушылық тудырып отыр. Каспий итбалығы - эндемик және Каспий теңізі фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз түрі", - деді ол.
Сонымен қатар, Тоқаев Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күрестің маңыздылығына назар аудару керек екенін айтты. Президент өкінішке қарай, биоресурстарды заңсыз өндіру, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатып алу немесе сату деректері әлі де барын мысалға келтірді.
"Бесіншіден, Каспийдің теңіз ортасын қорғау мәселелері жөніндегі негізгі ережелер 2003 жылғы Тегеран Конвенциясында бекітілген. Қол қойылған күннен бастап 20 жылға жуық уақыт өтті, алайда, Хатшылықты құру мәселесі әлі шешілген жоқ. Оның функцияларын әлі күнге дейін Женевадағы БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының еуропалық кеңсесі жүзеге асырады. Қазақстан серіктестердің назарын Хатшылық толыққанды халықаралық ұйым ретінде жағалаудағы елдердің бірінде орналасуы тиіс екеніне бірнеше рет аударды", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Каспий маңы елдері арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі бірнеше рет талқыланған. Бірақ нақты қадамдар жасалмаған.
"Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту халықты жақындастырып қана қоймай, Каспийді зерттеу кезінде өзара іс-қимылды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде біздің ел арасындағы көптеген халықаралық алаңдарда сараптамалық деңгейде тиімді ынтымақтастық жолға қойылған. Саммиттер мен кездесулер сараптамалық пікірталастардан бұрын болады. Сондай-ақ, "Каспий бестігі" Талдамалық құрылымдарының консорциумын құру пайдалы болады деп ойлаймын. Оның үстіне, мұндай өзара іс-қимыл екі жақты деңгейде табысты жүргізіліп жатыр", - деді Тоқаев.
Тоқаев Қазақстан ата-бабаларымыздың ортақ игілігі мен мұрасы - Каспий әрқашан достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық теңізі болып қала беретінін ерекше атап өтті.