Бүгін – Еуразиялық экономикалық одақ күні
Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы шамамен 31 миллиард долларға жетті. Кейінгі 10 жылда біздің елдің мемлекеттер нарығына экспорты екі есе өсіп, 10 миллиард доллардан асқан. Бүгін Елордада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Астанада бірнеше күннен бері саяси пікірталас пен өзара келіссөздер қызу жүріп жатыр. Бүгін Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Қырғыз, Беларусь Президенттері мен Армения Вице-премьерін өзі қарсы алды. Одан кейін дәстүрден жаңылмай суретке түсті.
Бүгін – Еуразиялық экономикалық одақ күні. Бірлестік тура 12 жыл бұрын құрылған. 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары тиісті келісімге қол қойған болатын. Кейін оған Армения мен Қырғызстан қосылды. Бүгінде Қазақстанның одақ елдерімен тауар айналымы 31 миллиард долларға жуықтаған. Экспорты екі есе өсіп, 10 миллиард доллардан асқан. Ал Қазақ даласына тартылған тікелей инвестиция шамамен 3 миллиард.
«ЕАЭО басқа елдерге қызық болды. Ол деген үлкен жетістік деп есептеймін. Себебі жалпы айтқанда Қазақстанды алсақ, біздің экспортымыз 2015 жылдан 10 жылдың ішінде 5 миллиард АҚШ доларынан 10 млрд АҚШ долларына жетті. Басқа елдермен 60 млрд-тан 113 млрд АҚШ долларына өсті», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Сарапшылардың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ – Қазақстан үшін тек саяси емес, нақты экономикалық тетіктері бар тиімді интеграциялық алаң. Оның аясында кедендік реттеу, техникалық регламенттер, еңбек мобильдігі мен нарыққа кіру ережелері жүйелі түрде жұмыс істейді. Сарапшылар машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі және фармацевтика салалары осы бірлестіктен пайда көретінін айтады.
Айта кетейік, екі күннен бері одақтың болашағын Еуразиялық экономикалық форумда сарапшылар талқылап жатыр. Олар ортақ еңбек нарығын одан әрі дамыту, кеден саласына жасанды жадыны енгізу және жалпы цифрландыру, логистиканы жетілдіру сияқты маңызды тақырыптарды ортаға салды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты