Құндылықтар, қоғамдық этика және адам капиталы: Ерлан Қарин ішкі саясат басымдықтарын атады
Негізгі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру
Ішкі саясаттағы негізгі үш басымдық – конституциялық құндылықтарды орнықтыру, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа ұмтылу. Бұл туралы ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, конституциялық құндылықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының стратегиялық бағытының негізін құрайды. Олардың қатарында Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияларды дамыту, еңбекқорлық, прогресс, қоршаған ортаға қамқорлық және жауапты әрі жасампаз патриотизм бар.
«Бұлар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының стратегиялық бағытының негізін құрайды. Бұл – Заң және Тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім, мәдениет және білім, ғылым және инновациялар, еңбекқорлық және прогресс құндылықтары, қоршаған ортаға қамқорлық, жауапты әрі жасампаз патриотизм», – деп жазды Ерлан Қарин.
Вице-президенттің айтуынша, мемлекеттік органдар ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтарын айқындайтын Президент Жарлығын және Конституцияны ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүйелі түрде іске асыруға назар аударуы керек. Сонымен қатар Ата Заңның негізгі ережелері мен конституциялық құндылықтарды түсіндіруге бағытталған сараптамалық, ақпараттық және мәдени-ағартушылық жұмыстарды күшейту қажет.
Жаңа қоғамдық этика қалыптастырылады
Екінші басымдық ретінде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру аталды. Бұл прогрессивті нормалар мен мінез-құлық үлгілерін орнықтыруды, құндылықтар негізін нығайтуды және тарихи фактілерді бұрмалауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруды қамтиды.
«Заң және Тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын іске асыруға да ерекше мән беріледі.
Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда жүзеге асыру үшін жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтті. Оның ішінде бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлердің тазалық рейтингін енгізу және ұлттық тазалық стандартын қалыптастыру ұсынылды.
«Жұмыстың жаңа тәсілдері мен форматтары қажет. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда іске асыру керек», – деді Ерлан Қарин.
Ғылым, білім және технологияға басымдық беріледі
Үшінші бағыт – болашаққа ұмтылу. Бұл ретте адам капиталын дамытуға, ғылым мен білімге, инновациялар мен технологияларға, мәдениет пен ағартушылыққа басымдық беру көзделеді.
Вице-президенттің жазуынша, бұл бағыт Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген стратегиялық құжаттарда айқындалған. Олардың қатарында «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт», «Digital Qazaqstan» және басқа да жобалар бар.
Негізгі мақсат – болашаққа сеніммен қарайтын күшті мемлекет пен прогрессивті қоғам құру.
Ерлан Қариннің айтуынша, аталған үш басымдық «қандай қоғам құрып жатырмыз және қандай елде өмір сүреміз?» деген негізгі сұрақтарға жауап беруге бағытталған. Ол үшін жасампаз күн тәртібі мен конституциялық құндылықтарды ұстану маңызды.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық палата: депутаттар мен сарапшылар арасында тікелей диалог орнамақ