Қазақстан Еуразияның цифрлық көлік дәліздерін қалыптастыруда – Президент

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін цифрландыруды тағы бір басымдық ретінде атады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразияның көлік жүйесі Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың басты нарықтарын байланыстыратын жоғары технологиялық халықаралық бағыттардан құралады.

"Бұл арада жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан асатын көлік дәліздерінің тұтас жүйесі туралы сөз болып отыр. Оның 10 мың шақырымнан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жаһандық сауда-экономика тізбегіндегі жетекші орнымызды сақтау үшін трансшекаралық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және цифрландыру қажет. Ыңғайлы логистикалық шешімдер, жүкті тұрақты жеткізу мен өткізу жылдамдығы Еуразиялық экономикалық одақтағы транзит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан өткен жылдың соңында біз Smart Cargo секілді құралдарды жүйелі түрде енгізе бастадық. «Бір терезе» қағидатымен қызмет ететін платформа аясында көлік дәліздерін цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазақстанда көрші елдермен рұқсатнаманы электрондық бланкі форматында алмасу механизмі енгізілді, - деді Мемлекет басшысы.

Оған қоса, Президенттің сөзінше, одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – уақыт талабы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық «сөресін» жасақтауды қолға алды. Бұл – өте өзекті. Аталған үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет.

"Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі

 

Новости партнеров