Мемлекет басшысы Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельді қабылдады

Ақорда
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық трансұлттық компанияның басшысымен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады.

Тим Гитцель Президентке «Инкай» бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді.

Президент бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр.
 
Сондай-ақ сапар аясында трансұлттық компаниялардың өкілдерімен екіжақты және «дөңгелек үстел» форматында кездесулер ұйымдастырылып, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылады.

Оқи отырыңыз: Президент әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғалиды құттықтады

Новости партнеров