ЕАЭО елдері жаңа технологиялық мүмкіндіктерден шет қалмауы тиіс - Тоқаев

пресс-служба Акорды
пресс-служба Акорды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті, - деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ұлттық экономикалардың ұзақмерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде егжей-тегжейлі талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақмерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия перспективті даму бағыттарында нақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі керек деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Одақтың Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланыстарын одан әрі кеңейту қажет.

"Қазір Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс басқа да қызмет бағыттары сияқты назар аударуға лайық. Менің ойымша, шағын құрамдағы кездесуде Беларусь Президенті өте дұрыс ұсыныс айтты. Еркін сауда аймағын құратын серіктестер де, сондай-ақ байқаушы мәртебесіне ие болатын елдер де мұқият таңдалуы қажет. Яғни бәрін бірдей емес, шын мәнінде белгілі бір талаптарға сай келетін және Еуразиялық экономикалық одаққа пайда әкелетін елдерді қабылдау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалығы аясында мүше мемлекеттердің ортақ экономикалық әлеуетін нығайтуға, орнықты дамуын қамтамасыз етуге алдағы уақытта да барынша жәрдемдесе беретінін мәлімдеді.

"Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, маңызды нәтижеге қол жеткізе аламыз және Одақ аясындағы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге шығарамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Былтыр ЕАЭО қызметінің стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын табысты аяқтадық. Алдымызда Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту туралы декларацияда қарастырылған көптеген міндет тұр. Сөз соңында алға қойған мақсаттарға жету жолында баршаңызға табыс тілеймін", – деді Қазақстан Президенті.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО елдеріне цифрлық агроөнеркәсіп тәжірибесін кеңейтуді ұсынды

Новости партнеров