Елімізде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге артады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Елімізде ең аз жалақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына салдарын тигізді. Оның үстіне ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның біраз елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі жалақы мәселесін жойып, ел экономикасына оңтайлы әсерін тигізеді. Және сарапшылардың пікірінше бұл ЖІӨ-ді 1,5 есе артуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.