Президенттің әкімшілік-аумақтық қайта құру туралы бастамасы - Қазақстанның әлеуметтік өмірінің барлық нысандарының негіздерін нығайтады. Аумақтық ұйымдастыруды жетілдіру экономикаға оң әсер етіп, жаңа мүмкіндіктер туғызады. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Бекжан Садықов білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біріншіден, әкімшілік-аумақтық реформа - бұл өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамуды теңестіру факторы. Жаңа өңірлер әкімшілігінің алдында өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру үшін қаржы ресурстарын тиімді пайдалану міндеті тұр. Қоғамның қазіргі сұраныстарына жауап беріп қана қоймай, ағымдағы өндірістік қуаттардың жүктелуін қамтамасыз ету, тауарлар мен қызметтердің бөлінуін ұйымдастыру және еңбек әлеуетін барынша пайдалану қажет. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру маңызды», - дейді сарапшы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жаңа өңірлер тауарлар мен қызметтердің мамандандырылған жеткізушісі ретінде бекітілуі мүмкін.
«Екінші мүмкіндік – өңірлер үшін. Жаңа өңірлер тауарлар мен қызметтердің мамандандырылған жеткізушісі ретінде бекітілуі мүмкін. Бәсекеге қабілетті және салыстырмалы артықшылықтарға назар аудару, жаңа қуаттылықты салу немесе ескі қуаттылықты кеңейту және аймақтық бизнестің тиімділігін арттыру арқылы саланы «қайта іске қосу» маңызды. Тұтастай алғанда, өңірлерді кешенді дамыту жөніндегі мақсатқа қол жеткізу және өңірлердің ағымдағы проблемаларымен жұмыс істеу ғана емес, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада қосылған құнды құруға үлес қосу маңызды», - дейді ол.
Сонымен қатар ол іс жүзінде жаңа өңірлерге өңірлік экономикалардың дамуының барлық өлшемдерін ескеретін және жергілікті халықтың сұраныстарына сай келетін өзіндік даму стратегиясы қажет екенін баса айтты.
«Бұл тұрғыда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және орталықсыздандыру міндеттерге қол жеткізудің маңызды құралы. Қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар өңірлік шешімдер қабылдаудың сапасы мен ашықтығын күшейте алады, ал бұл – жаңа өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуінің және бүкіл ұлттық экономика серпінінің басты шарты», - деп қортындылады сөзін Бекжан Садықов.