Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында жалпыұлттық дауыс берудің уақытын бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің айтуынша, әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Жаһандық түйткілдің түйінін табу үшін елімізге сенімді әрі экологиялық таза қуат көздері қажет. Сондықтан азаматтардың алда өтетін маңызды науқанда жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауы керек екенін айтты.
– АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көктемде жұртты әбігерге салған су тасқынынан келген зардапты да атап өтті. Жергілікті билік пен жауаптылардың алапат апаттан сабақ алу керек екенін ескертті. Елде мұндай жағдай қайталанбас үшін қазірден қамдануға шақырды. «Ең алдымен қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білу керек» деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев тозығы жеткен гидрология бекеттерін жаңғыртудың, ирригация жүйесін дұрыс жолға қойып, салаға инвестиция тартудың маңызына тоқталды.
– Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кәсіпкерлер мен қарапайым халық арасында қызу талқыға түскен Салық кодексі туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті дамытуға нақты септігін тигізетін жеңілдіктердің қарастырылғаны дұрыс деп есептейді. Өндірісті өркендетуге ниетті инвесторларға артықшылық беруге болатынын жеткізді. Мемлекет басшысы құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн дегенді алға тартты. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің маңызына тоқталған Президент Салық кодексін қабылдауда асығыстық танытпаңдар деп пәрмен берді.
– Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын. Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қауіпсіздік мәселесіне де баса назар аударды. Президент ІІМ экстремистердің, әсіредіншілдердің іріткі салатын әрекетін түп-тамырымен жою керек екенін айтты. Біздің қоғамда бандитизм деген ұғым мүлде болмауы керек деген Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кәсібилік, батылдық және табандылық таныту қажет екенін жеткізді.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Президент Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды