Шетелдік көліктерді елге әкелу жеңілдейді. Осылай деген Президент өз Жолдауында утилизация төлеміне қатысты да жағымды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдағы уақытта көліктерді әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын сомада кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынды.
«Қазір кейбір актілерді талдап, оны қалай нақты жүргізу керектігін түсіну қажет. Президент тапсырмасы бойынша бұлардың барлығын пысықтайтын боламыз. Бұл шаралар іздеуде тұрмаған және кедендік «тазартудан» өткен автомобильдерге қатысты болып отыр. Бүгінге дейін ел аумағына кіргізілген көліктердің мәселелері қарастырылады», – деді ҚР Премьер-Министрінің бірнші орынбасары Роман Скляр.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажеттігін де тілге тиек етті. Бұл ретте қос шекара шебіндегі рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс. Қазынадағы қаражат инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
«Қазір Қазақстан үшін көлік және транзит әлеуеті аса маңызды. Жаңа Президент өз сөзінде де айтып кетті. Кеден бекеттеріндегі мәселелердың бастысы – тексеріс. Оның тым көптігі бар. Олардың теріс әсер етіп отырғаны белгілі. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тәсіл арқылы жеңілдету керектігін айтып отыр», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.