Қазақстанда күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтуі мүмкін. Жыл сайынғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, келесі жылдың ортасына дейін Парламент пен Мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Мемлекет басшының айтуынша, 2023 жылдың алғашқы 6 айында елдегі барлық саяси институттар жаңаратын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзде кезектен тыс Президент сайлауына өзі де түсетінін айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы президент мандатының ұзақтығын 7 жылға ұзартуды, бірақ бір мерзіммен шектетуді ұсынды. Яғни президент болып сайланған адам 7 жыл елді басқарады, алайда келесі сайлауға түсе алмайды. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр» деген Тоқаев, референдумдағы өзгерістерді тәжірибеде қолдануды қазірден бастау керегін айтты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың бірінші жартысында Парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуді де ұсынды. Сөйтіп 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі саяси институттар толығымен жаңартылмақ. Сенаторлардың айтуынша, саяси аренада жаңа тұлғалар пайда болса, ел-халықтың талабы тез ескеріліп, мінберде көтеріледі.
«Біздің парламент сайлауына түсетін партияларымыз, жеке адамдар жақсы бір дайындықпен келеді. Биылғы жылы жаңағы президент сайлауы өтеді. Енді қазір мемлекеттің осы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту үшін Мемлекет басшысының тұғырына дұрыс отырғаны жақсы деп есептеймін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серікбай Тұрымов.
Жеңіс Нұрғалиевтің айтуынша, президент мандатының 7 жылға ұзарып, үміткердің бір рет қана сайлана алуы – елді басқаруда кеткен кемшіліктердің орнын толтырып, өз жобаларын жүзеге асыруға толық жетеді.
«Президент мандатының 7 жылға ұзаруы – дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі кез келген адам осы уақытта бастамаларын жүзеге асырып үлгереді. Сондай-ақ келесі жылы парламент сайлауы болып, жаңа партиялардың саяси аренада пайда болуы да, халық пен билік арасындағы байланыстың нығаюына септігін тигізері сөзсіз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жеңіс Нұрғалиев.
Сонымен қатар Жолдауда Президент Үкімет құзыретінің бір бөлігі министрліктерге берілуі қажет деді. Яғни «ұжымдық кабинет» емес, нақты министр нақты салалық саясатқа жауапты болуы керек. Ал Үкімет салааралық мәселелерді шешуге назар аударады. Сонымен қатар, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек деген ойда. Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот судьяларын сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген дұрыс.
«Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылы елде саяси институттармен бірге Үкіметтің де құрамы жаңаруы мүмкін. Себебі Президент бүгін Әлихан Смайыловтың командасына тағы да ескерту жасады. Тоқаев жанармай мен қант тапшылығы туындағанда Үкімет дереу шара қолданбады деді. Осылай жалғаса беретін болса, нақты кадрлық ауыс-түйіс жасауға тура келетінін айтты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан