Сарапшылар: 10 ұлттық жоба – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартады

Сарапшылар: 10 ұлттық жоба – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартады
Ұлттық жоба – барлық саланы қамтитын, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары
Жаңалықтармен бөлісіңіз

10 ұлттық жоба – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартады. Бұған дейін Үкімет әзірлеп, Президент бекіткен жобаға қатысты сарапшылар осындай пікір білдіруде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берген болатын. Ондағы мақсат – экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру.  Премьер-министрдің айтуынша, ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландыру көзделген.  

Ұлттық жоба дегеніміз – мемлекеттің стратегиялық құжаты. Яғни, барлық саланы қамтитын, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары. Атап айтар болсақ, «Дені сау ұлт», әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Қауіпсіз ел» деп аталған 10 жобаны Президенттің өзі шегелеп бекітті.

«Бұрын біз мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істейтінбіз. Бірақ бұл бағдарламалар ұзақ мерзімге бағытталған. Бұл бағдарламалар біткен соң қайтадан басталатын. Сондықтан Ұлттық жобалардың негізгі ерекшелігі – қысқа мерзімде, үш жылдың ішінде 2025 жылға дейін бір рет қана қолданылатын іс-шара», – деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров.

Жолдауды жүзеге асыру үшін әзірленген жалпыұлттық жоспар 5 бастама мен 7 бағытты көздейтін 102 іс-шараны қамтиды. Оны қаржыландыруға 49 триллион теңге бөлу жоспарланған. Оның 33 триллионы, яғни 67%-і – жеке инвестиция. Инвесторлар арқылы игі істер атқаруға басымдық беру тегін емес. Себебі Мемлекет басшысы үнемі Ұлттық қордың қаражатын үнемдеп, тиімді жұмсау керектігі туралы айтып жүр.

«Президент ең алдымен, экономикалық мәселеге назар аударды. Экономикалық бастамаларды айтты. Не себепті? Себебі бүгінде Қазақстан үшін қазір экономиканы реттеп экономикалық тұрақтылықты бір бағытқа аудару керек. Еліміздегі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына қатысты. Яғни бүгінгі Ұлттық қордан бөлінетін ақшаның тиімділігін реттеу, сонымен қатар мемлекеттен бөлінетін ақшаны бақылау деген секілді мәселелер көтерілді», – деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.

Сарапшылар қазір ең бастысы Үкіметтің алдында пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтады. Ал 2025 жылға дейін жүзеге асатын Ұлттық жобаның нәтижелі боларына сенімді. Себебі, онда нақты іс-әрекеттер, жауапты орындаушылар, мерзімдер және ең бастысы бюджет көрсетіледі.

«Біріншіден, жүзеге асыратын жауапты органдар болса, сонымен қатар азаматтық қоғам жағынан бақылау болады. Сонымен қатар бұл ұлттық жобалар біздің қоғамымызда түрлі-түрлі әлеуметтік субъектілерді осы жобаларды жүзеге асыруға қатыстырады. Тек мемлекет қана емес, азаматтық белсенділер де қатыса алады», – деді Ермек Тоқтаров.

Ауқымды құжатта ең алдымен заманауи тенденцияларға сай келетін мемлекеттік жоспарлау, сандық технологияларды барынша өмір салтымызға енгізу, кәсіпкерлікті дамыту секілді маңызды бағыттар қамтылған. Ауыл халқының жағдайын жақсарту үшін әрі қолдағы бар мүмкіндікті пайдалану мақсатында агорөнеркәсіпке де көңіл бөлінеді. Себебі елімізде 7 млн 700 мыңнан астам адам ауылда тұрады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров