ҚТЖ Шамалғандағы апаттың мән-жайын түсіндірді

ҚТЖ Шамалғандағы апаттың мән-жайын түсіндірді
Оқиға салдарынан автобус жүргізушісі мерт болып, 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы облысындағы Шамалған стансасында жолаушылар автобусымен пойыздың соқтығысуы туралы толыққанды ақпарат берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«2019 жылдың 15 қыркүйек күні сағат 19:08 Алматы жол бөлімшесінің «Ақсеңгір – Шамалған» учаскесінде №43 «Алматы-Қостанай» Жолаушылар пойызы (жеке тасымалдаушы «Турксиб-Астана» ЖШС) автобуспен соқтығысты. Оқиға 4028 шақырымда орналасқан күзетілетін-реттелетін өтпеде болды. №43 жолаушылар пойызы өткелге жақындағанда сигнал беру құрылғылары автоматты түрде іске қосылды. Дыбыстық сигнал қосылды, өту бағдаршамдарының қызыл шырағы жанды. Шлагбаум өткелде тұрған автокөліктің салдарынан соңына дейін түспеген», - деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

ҚТЖ-да атап өткендей, өткел кезекшісі жолаушылар пойызын тоқтату үшін тосқауыл бағдаршамын іске қосу бойынша шаралар қабылдаған.

«№43 жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежеуді қолданды, бірақ аз қашықтықтан соқтығысудың алдын ала алмады. Соқтығысу кезінде автобус жол жиегіне шығып кетті. Бірақ KZ4AC-0010 электровозы рельстен шығып кетпей, бүлінген. Зардап шеккендер бар, саны нақтылануда. №43 пойыз электровозды ауыстырғаннан кейін 01 сағат 38 минутқа кешігіп жолға шықты, пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті ҚТЖ.

Бұл жағдайды тексеру үшін ҚТЖ«ҰК» АҚ-да арнайы комиссиясы құрылды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың рельсіне шығып кеткен. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағына сәйкес іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.

Новости партнеров