Солтүстік Қазақстан облысында жоғалып кетіп, денесі су жиналатын шұңқырдан табылған оқушы қыздың ата-анасы оның өлімі туралы айтты. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еске сала кетсек, СҚО-да жоғалып кеткен 17 жастағы қыздың денесі шұңқырдан табылған еді. Ол шұңқырдағы суға батып кетіп, көз жұмған. СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер қыздың денесінде күштеп өлтіру белгілері жоқ екенін айтты. Марқұмның сырт киімі мен ұялы телефоны шұңқырдың шетінен табылыпты.
Көз жұмған қыздың ата-анасы оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
«Мен қызымның суицид жасағанына сене алмаймын. Ол бұлай жасамайды. Ешқашан сенбеймін», - дейді қыздың анасы Наталья Пономарева.
«Оның өздігінен өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Бұған ешкім де сенбейді. Мектептегілер, тіпті, директор да сенбей отыр», - дейді көз жұмған қыздың әкесі Сергей Пономарев.
Екатерина психолог болуды армандаған. Ол көзі тірісінде мектебінің мақтанышы, мұғалімдердің сүйікті оқушысы болыпты. Көптеген олимпиадада жеңіске жетіп, түрлі диплом мен мақтау қағаздарын алған.
«Ол белсенді, жақсы адам еді. Қандай да бір істі оңай бастап кететін», - дейді мектеп директоры Лилия Черказьянова.