Алматы облысында үш апта бұрын жоғалған Батура Мамедованың денесі көрші ауданнан табылған болатын. Сұлулық салонының қызметкерін қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыпты ұсталды.
Батура Мамедова 27 мамыр күні кешкі сағат 8 жарымда жұмысынан шығып, үйіне бет алғанын соңғы рет қызына ескерткен. Алайда күнделікті келетін уақытынан кешіккендіктен, уайымдай бастаған қос қызы бірден туыстарына хабар беріпті. Олар дереу Түркісіб ауданың полициясына арыз жазып, өздері де іздеуге кіріскен. Арада бірнеше күн өткеннен кейін іс облыстағы құзырлы орындардың қолына өтеді. Алайда құзырлы орын өкілдері әйелдің өзін емес, сенбі күні кешке Алматы маңынан оның денесін тауып алған.
Туыстарының айтуынша, Батура Мамедова сол күні Ащыбұлаққа дейін жетіп, үйіне дейін күдіктілердің көлігіне мінген. Орта жолда косметологтың сөмкесіндегі қаражатты көрген ерлі-зайыптының арам пиғылы оянып, көліктің ішінде пышақтай бастаған, деп хабарлады КТК.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша Батура Мамедованы қаскөйлер соққының астына алып, кейін бауыздаған. Ал мәйітті Қарасай ауданында орналасқан Береке ауылының маңына көміп кетіпті. Алдын ала болжам бойынша қаскөйлер косметологтың 40 грамдық алтын алқасына көзі түсіп, қылмысқа барған.
«Екі күдікті де Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Тергеу барысында күдіктілер мәйітті көршілес Қарасай ауданына көмгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – дейді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.
Қоғамдық көліктің ең соңғысы бұл маңайға кешкі 8 жарымға дейін жүреді екен. Ал, қаладағы жұмысынан түнгі уақытта шыққандардың барлығы таксиге мінуге мәжбүр. Қайғылы жағдайдан кейін тұтас ауыл үрейде отыр. Ал осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанға арман қуып келген Батура Мамедованың мәйіті Баку қаласында жерленетін болды.