Павлодарда баласының өлгенін көріп, қайғыдан қан жұтқан әке кінәлі адамды жазалағысы келді, деп жазды КТК.
Куәгерлер әуелі жұмыс істеп тұрған кранның даусын, бірнеше минуттан кейін айқайлаған дауыс естіген.
Оқиға құрылыс алаңдарында болған: кран болат арқалықты көтере бергенде, жанында жұмыс істеп тұрған жұмысшыны соғып кеткен. 42 жастағы монтаждаушы соққының кесірінен төрт метрлік фундаменттен жерге құлап, қаза тапты. Ұлымен бірге құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген әке әлгі жағдайды көрген кезде қатты ашудан краншыны өлтіріп қоя жаздады.
«Қайтыс болған жігіт әкесімен бірге құрылыста жұмыс істеді. Баласы әлгі жағдайға ұшыраған сәтте әкесі ашудан түтігіп кетті де, зілбалғаны қолына ала сала краншыға тап берді. Ол қашып құтылды. Жігіт жедел жәрдем келем дегенше көз жұмды», – дейді куәгер Ирина Бауэр.