Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы бала өлі табылды

Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы бала өлі табылды
Волонтерлер баланы үйінің маңындағы құдықтан тауып алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада із-түзсіз жоғалған бала ашық жатқан құдықтан өлі күйінде табылды. 13 жасар Бақдәулет 16 ақпанда үйінен шығып, қайта оралмаған еді. Кеше түнде, яғни төрт күннен кейін баланың мүрдесін беті ашық кәріз жүйелерінің бірінен еріктілер тауып, шығарып алған. Бүгінде өлім себептері анықталып жатыр. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Бақдәулеттің жоғалғанын естіген бүкіл Астана оның жағдайына алаңдап, әлеуметтік желілерде суретін таратып, іздеу жұмыстарына атсалысты. Алайда, 4 күн өткенде жеткіншектің өлі табылғаны белгілі болды. Кеше түнгі 23:40-те оның денесін ашық жатқан құдықтың ішінен еріктілер тапқан.

«Мектеп іргесінен шамамен, 300 метр жерден табылды. Ал біз оны іздеп жүргенде, қаншама беті ашық құдықтарды көрдік, жүзден асады десем артық айтпаймын. Соның бәрін бүгіннен бастап коммуналдық қызметкерлер жауып жатыр. Құбырдың тереңдігі 3 метр, үстінде 1,5 метр қар жатыр. Сонда бала шамамен, 5 метрдей тереңдікке құлап кеткен», – деді еріктілердің үйлестірушісі Арман ҚОЙБАҚОВ.  

Бақдәулет Өмірхан өткен сенбіде, яғни 16 ақпан күні кешкі алтылар шамасында сырғанаққа бармақ болып Теміржол кентіндегі үйінен шыққан. Алайда сол күйі қайтып оралмады. Бастапқыда оны іздеуге тәртіп сақшылары, кинолог мамандар, «Ұлттық ұлан» сарбаздары жұмылдырылды. Өз еркімен келіп, атсалысқан еріктілер де көп болды. Олардың саны 300-ге жуықтаған. Мейірімді жандар жоғалған жеткіншекті іздеу үшін жол талғамайтын көліктермен, қармен жүретін арнайы техникамен, кейбірі тіпті, жаяулап келіп, таңғы алтыға дейін қар құрсауында жүрді. Олар барлық жертөлелерді, иесіз қалған үйлерді, ашық жатқан құдықтарды түгел тексеріп шықты. 

«Біз Бақдәулетті тірі күйінде табамыз деп соңына дейін үміттендік. Соған сендік, алайда, олай болмады. Жалпы, оны іздеуге Астанадан ғана емес, бүкіл Қазақстаннан хабарласып, ниет білдіргендер көп болды. Біз 10-15 адамнан топ-топпен бөліндік. Әрқайсымыз белгілі аумақ бойынша қарап тексердік. Арнайы техникасыз жүргендіктен, адамдардың киімдері небәрі 10 минуттың ішінде дымқылданып кетіп жатты. Қар деген кеудеден келеді. Оның үстіне ашық жатқан құдықтар өте көп. Іздеу барысында ішіне еріктілердің өздері де құлап кетіп жатты», – дейді ерікті Айзада ЖҮСІПОВА.

Астана қаласы ішкі істер департаментінің мамандары баланың денесінде зорлық белгілері табылмағанын мәлімдеп отыр. Тергеу жұмыстары жүргізіліп, сот сараптамасы тағайындалған.

«19-шы ақпанда түнгі сағат 12-ге таман кәмелетке толмаған, із-түзсіз жоғалған Бақдаулет Өмірханұлының мәйітін еріктілер тауып алған. Мәйіт қар басып қалған құдықтың түбінен табылған. Осы дерек бойынша қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді Астана қаласы ПД ресми өкілі София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Айта кетейік, былтыр кәріз құдықтарының қақпағын ұрлауға қатысты 25-тен астам қылмыстық іс қозғалыпты. 114 ұрлық тіркеліп, оның 30 пайызы орнына қойылған. Алайда, халық қалаулылары мәселені шешудің кешенді жоспары жоқ дегенді алға тартады. Депутаттар құдықтарды темір қақпақтармен жаппай, басқа тәсілдер қолдану қажет дейді.

«Меніңше бұны басқаша қарау керек. Мысалы, шетелде арнайы пластикалық түрі жасалады. Сондай пластик қақпақтарды арнайы бекітіп орнатады. Меніңше, сондай бір тәсілдер қолдану керек сияқты», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақтияр МӘКЕН.

Атап өту керек, бұл құдыққа түсіп қаза болған алғашқы жеткіншек емес. Былтыр қараша айында 14 жасар астаналық қыз бала аузы ашық жатқан құдыққа құлап, көз жұмған еді. Оны да жақындары бірнеше күн қатарынан іздеген болатын.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана




Новости партнеров