Түркістан облысы полицейлері бұзақылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 24 шілде күні түнде Төле би аудандық полиция бөліміне аудандық ауруханадан оқ тиіп жараланған ер адамның жеткізілгендігі туралы хабарлама келіп түседі.
«Қала көшелерінің бірінде екі көлік қарама-қарсы келіп, бір-бірінің жүруіне кедергі жасап, яғни 2 жүргізуші жолды бөлісе алмай, сөзге келіп қалған. Салдарынан жүргізушінің бірі жәбірленушіні травматикалық қарумен атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша тіркелді» , - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Қылмыстық істі ашу мақсатында Төле би АПБ-нің полицейлері бұзақылық жасаған күдіктіні ұстау үшін қажетті деген барлық іс-шараларды шұғыл іске асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде Леңгір қаласының тұрғынын ұстады.
Полицейлер күдіктіден айғақ зат ретінде травматикалық тапанша тәркіледі. Күдікті қазір қамауда. Осы кезде қару қолдану арқылы «бұзақылық» жасау әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.