Қызылорда облысында жолаушыға лық толы автобустың аударылуы салдарынан 8 адам қаза болып, 21 жолаушы түрлі жарақат алған. Олардың барлығы мұнай компаниясының жұмысшылары. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахмановтың мәлімдеуінше, бүгін таңғы сағат 5.25-те Қызылорда-Құмкөл автожолында апатқа ұшыраған автобуста 50 жолаушы болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мұнай компаниясы Шымкент қаласында тіркелген, қаза тапқандар Құмкөлде жұмыс істеген. Автобус ведомствоға тиесілі, компанияныкі. Қазіргі уақытта 8 адамның қаза тапқаны және 21 адамның зардап шеккені белгілі», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат ӘБДІРАХМАНОВ.
Ал, Ішкі Істер министрі бір түннің ішінде бірнеше бағыттағы жолда апаттық жағдайлардың орын алу себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр.
«Температура күрт төмендеді. Жаңбыр жауып, түнде суытып кетті. Барлық аумақтарда көктайғақ қалыптасты. Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарында жартылай жолдар жабылды. Жүргізушілерді сақ болуға шақырамыз. Қазір оқиға орнында жедел тегеу тобы жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.