Павлодар облысында жарыс кезінде 25 жастағы тарих пәнінің мұғалімі қайтыс болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қайғылы оқиға Аққулы ауданы Майқарағай ауылында болды. Марқұмның әріптестерінің айтуынша, педагог аудандық кәсіподақ жыл сайын өткізетін волейболдан дәстүрлі турнир барысында көз жұмды.
«25 жастағы Ильдар Вахитов топтың көшбасшысы ретінде негізгі құрамда ойнады. Бірақ біршама уақыттан кейін өзін жайсыз сезінді, қан қысымы көтеріліп, қосалқы ойыншылардың қатарына барып отырды. Турнирде кезекшілік атқарған медициналық қызметкерлер оған алғашқы көмек көрсетті. Алайда, оның жағдайы күрт нашарлай түсті. Ауылдан аудандық ауруханаға дейін – 100 шақырым. Өкінішке қарай, Ильдарды оған жеткізіп үлгермедік. Болған оқиғаға өкініш білдіреміз. Ол барлығымыз үшін дос болды. Барлығымыз үшін бұл үлкен соққы», - деді Жамбыл атындағы мектептің директоры Қанат Сұлтанғазин.
Жас ұстаз отбасындағы жалғыз бала болған. Артында жары мен бір жасар баласы қалды. Биылғы 10 қарашада Ильдар 26 жасқа толар еді.
Оның таныстарының айтуынша, биыл Ильдар Вахитов Павлодарда медициналық тексеруден өткен. Дәрігерлер бүйрегінде тромбтың барын анықтаған.
«Білуімізше, оған арнайы ем-дом тағайындалған. Ол мамандардың айтқанын қатаң орындап, тұрақты түрде процедураларға барып тұрды. Шунтирование бойынша шұғыл операцияның қажеті болған жоқ. Бірақ ол жиі қан қысымының жоғарылығына шағымданатын», - деді әріптестері.