Биыл Батыс Қазақстан облысында дирофиляриоз фактісі бірінші рет тіркеліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дирофиляриоз - бұрын тек жануарларда кездесетін гельминтоздардың бірі. Соңғы уақытқа дейін бұл ауруға тек жануарлар, әсіресе иттер ғана сезімтал деген пікір болған. Бірақ соңғы жылдары бұл ауруды адамдардың да жұқтыру жағдайлары жиі тіркеле бастады. Адамдарға инфекция қан арқылы жұғады.
"Ауру көбіне маса, бүрге, сона және қансорғыш жәндіктердің шағуы арқылы жұғады. Ал инфекция көзі - үй жануарлары. Жануарлардың денесінде ересек дирофиляриялар паразиттік жолмен тіршілік етеді. Жәндік жануарларды шаққанда шыққан кейбір паразиттер келесі азғаның қанына енеді. Дирофиляриоз жануардан жануарға және адамға осылай жұғады", - деп түсіндірді БҚО эпидемиологтары.
Инкубациялық кезең бір айдан бірнеше жылға дейін созылады. Дирофиляриоз барлық жастағы адамға әсер етуі мүмкін, бірақ ең үлкен қауіп тобындағылар:
- иттер мен мысық асыраушылар;
- ашық су объектілерінің жанында тұратын адамдар;
- табиғатқа жиі шығатын адамдар - аңшылар, туристер, бағбандар, балықшылар.
Дирофилярияның белгісі - тері астындағы түйіннің, ісіктің немесе индурацияның ішіндегі тірі паразиттің жорғалауы және қозуы. Гельминт уақтылы жойылмаса, оның локализациясы орнында абсцесс пайда болуы мүмкін.
Дәрігерлер репелленттерді, терезелерге арналған торларды, қорғаныш киімдерін қолдануға және үй жануарларын профилактикалық тексерістен өткізуге кеңес береді.
Теріңізге түсініксіз жаралар шығып, қатты қышыған, ауырсынған жағдайда дереу дәрігерге көрінуіңіз қажет.