|
07.02.2020 | 10:24
2877

Ақтөбеде университет маңында студентті пышақтап, қансыраған күйі қалдырып кеткен

Қылмыстық оқиға дәл оқу орнының алдында болса да, оқытушылар жағдайды дәрігерлерден бір-ақ естіген

Ақтөбеде университет маңында студентті пышақтап, қансыраған күйі қалдырып кеткен

Ақтөбеде қаланың қақ ортасында қатарластары студент жігітті пышақтап, оны қансыраған күйі сол жерге тастап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбеде 19 жастағы студент жігітті мемлекеттік университет жанында пышақтап кеткен: оның аяғын кесіп, өкпесіне пышақ сұққан. Қансырап жатқан жігітті көрген адамдар дереу жедел жәрдем шақыртыпты. Десек те студент бала ауруханаға өз күшімен жетіпті. Бозбаланың жағдайы ауыр көрінеді. Ал оған қатегездік танытқан адамдар әлі қолға түспеген.  Оқиға орнына тәртіп сақшылары да келген. Университет басшылары болса студенттердің арасындағы кикілжіңді байқамадық деп ақталды.

Жарақат алған жігіт Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің 2-курс студенті екен. Сабақтан шыққан бірнеше студенттің арасындағы дау-дамай жаппай төбелеске айналған. Онымен қоймай төбелескендердің арасындағы біреуі өзінің қатарласына пышақ сұққан. Қылмыстық оқиға дәл оқу орнының алдында орын алса да, оқытушылар жағдайды кештетіп, дәрігерлерден бір-ақ естіпті. Полицейлер университет жанындағы бақылау камераларын қарап, таспаларды дәйек ретінде тіркепті.  

«Бізде 320 деген камера бар екен. Тоғыз қабатты үй қасында. Сонымен іздеп жатыр. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, сол адамды табуға барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз», - Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ департамент директоры Қарлығаш Сатыбалдина.

Дәрігерлердің айтуынша, студент бір литрдей қан жоғалтқан, бұған қоса өкпесіне жарақат келген. Пышақ, абырой болғанда, жүрек тұсына жетпей қалыпты. Қазір ол отадан кейін есін жиыпты.

«Сол жақ кеуде қуысының кесіліп, тесілген жарақат. Өкпесінің жарақаты анықталды. Операция жасалып, өкпесінің жарақаты тігіліп, сол жақ аяғының жарақаты да тігілді», - Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.

Қазір бірнеше студент төбеске қатысы бар деп ұсталыпты. Бірақ пышақты сұққан жігіт әлі қолға түспеген.

«Жедел іс-шаралар жүргізу барысында полицейлер төбелеске қатысушыларды анықтап, ұстады. Сондай-ақ пышақ жарақатын салған адамның жеке басы анықталды. Оны ұстау бойынша шаралар қабылдануда», - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында оқушылар мен студенттер арасында бір-біріне пышақ ала жүгіретін жасөспірімдер көбейіп кетіпті. Өткен аптада Шалқарда оқушылар жаппай төбелесіп, бір оқушыны пышақтап кеткен еді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир